29 жылдан бері салынып бітпеген мектеп - Жамбыл облысында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

29 жылдан бері салынып бітпеген мектеп - Жамбыл облысында

06.02.2014
29 жылдан бері салынып бітпеген мектеп - Жамбыл облысында
Еліміздегі «сақалды» құрылыстың  ең көнесі саналатын ғимарат Жамбыл облысының еншісінде. Іргетасы осыдан 29 жыл бұрын қаланған білім ошағының  қалқиған қаңқасы ғана тұр.
 
Ал тап осы Байзақ ауданы Көктал ауылының балалары болса аядай тар ғимаратқа қоныс тепкен мектепте қысылып, қымтырылып білім алуға мәжбүр. 320 орынға лайықталған оқу ордасында бүгінде  800-ге тарта оқушы оқиды.
 
Соған қарамастан жергілікті билік әзірге «сақалды» құрылысқа айналған ғимаратқа қазынадан қаржы бөліп,  әрі қарай  соғып бітіруге немесе орнына жаңасын салуға байланысты бір тоқтамға келе алмай отыр.
 
Көкталдағы мектепте бүгінде 700-ден астам шәкірт білім алады. Ғимарат бұдан екі есе аз оқушыға лайықталған. Сынып бөлмелері жетіспейтін болған соң, ұстаздар дәлізді тақтаймен қоршап, сабақ өтіп жүр. Аядай тар жерде парталар тақтаға мінгесіп тұр. Орталық қазандық жоқ, сыныптағы суық бет қариды.
 
Әсия Әжібаева, мектеп директоры:
Бізде орыс тілі, география, лингафон кабинеті жоқ. Қазір тілге назар аударылып жатыр.Кабинет жеткіліксіз болғандықтан,  демеушілердің көмегімен фоэні кабинет жасауға мәжбүр болып жатырмыз.
 
Ал ауылдың екінші басындағы жаңа мектеп ғимаратының қазір құр қаңқасы ғана қаңырап тұр. Кезінде  жекенің иелегіне сатылып кеткен нысанды осыдан бес жыл бұрын  аудан әкімдігі бақандай 80 миллион теңге беріп, қайтарып алған. 
 
Бірақ, оның неге осыншама қымбатқа  түскенін ешкім түсіндіріп бере алмайды.  Мемлекет меншігіне өткен мектеп ғимаратының құрылысын толық аяқтау үшін енді 446 миллион теңге қажет. Ал құрылысшылар болса  сонша ақша жұмсағаннан гөрі жаңасын салу керек дегенді құптайды.
 
Әзімхан Қилыбаев, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:
Мұның жобасы жасалып, сараптамадан өтті. Құрылыс жарамды. 446 миллион теңге  қаржы болса, бұл мектеп бітейін деп тұр.
 
Байзақ ауданында шәкірттердің білімі де оңып тұрған жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша  былтыр облыста соңғы орынды місе тұтты.  Ал  үздік аттестатқа үміткер болған 29 түлектің бірде біреуі  оған лайықты екенін дәлелдей алмаған.
 
Зәуре Дүзенова, Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің меңгерушісі: 
Екі алғандар болған. Осыдан алдыңғы жылы 280 бала болса, былтыр 95 бала болды. Енді ол көрсеткіш жылдан-жылға төмендеп келе жатыр.
 
Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке үш ауысымды мектептерді түбегейлі жоюды тапсырды. Ал Көктал ауылының балалары әлі біраз уақыт басшылардың бейғам әрекетінен бір партаға сыйғанынша отырып, қысыла, қымтырыла білім алуға мәжбүр.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

Хабарламаларға жазылу