Қолжетімді баспанаға қол жеткізген тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаға деген сенімі азайып барады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» алматылық салымшылары «Мамыр» ықшам ауданындағы құрылысы жаңа біткен, қауіпті үйге қоныстануға қорқады.
Өйткені тұрғын үйдің желдеткіш шахталары орналасқан жақ беті көгеріп тұр. Тұрғындар өтінішімен санитарлық эпидемиологиялық станция қызметкерлері көгерген гипсокартон үлгілерін алып тексеруден өткізген. Нәтижесінде су жаңа үйдің қабырғасы сыз тартқаны расталды.
Алматыда баспанасын асыға күткен салымшының бірі - Әсем Жікібаева. Өткен жылы өз үйінің құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын көруге барып, көк зең басқан қабырғалардан шошынды. Істің мән-жайына үңілмек болып, адвокат жалдады.
Әсем Жікібаева, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы:
Бөлмелері кең. Бізге жобасы ұнайды. Бірақ, өз көзіммен көргеннен кейін, сапасына алаңдаптұрмын. Осы істің шешілуіне сіздерден көмек сұраймын.
Руслан Анарбеков, адвокат:
Бірнеше аптадан соң салымшыларға «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді сату-сатып алу шартына қол қою ұсынылады. Салымшылар қаражаттарын банкке тиімді 2 пайыз жинақтау шартқа отырғанда үйде сыз болу мүмкіндігі көрсетілмеген. Сонда олар не істеуі керек?
Сырты бүтін, іші түтін «АГС Пласт» компаниясы салған 16 қабатты мына үйге 150 отбасы қоныстанбақ. Бірақ, еңсесі биік баспана көңілден шықпай тұр. Салымшылар сауалына мердігерлер не дейді?
Динара Ағысова, «АГС Пласт» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:
Құрылысты 2011 жылы бастаған компания жұмысын бітірмей тастап кетті. Біз жалғастырдық. Сыздың бар екенін жоққа шығармаймыз. Ол құрылыс тоқтаған кейінгі ылғалдылықтан. Қазір біз соның салдарын жойдық. Келісімге отырар алдында әрбір үй иесі тексеріп, қабылдап алады.
Басты ауыртқан баспана мәселесінің зарын тартқандардың бірі - осы салымшылар. Үкіметтің араласуымен бұл жай да шешімін тапты. Дей тұрғанмен, қолжетімді баспанаға деген көптің көңілі күпті. Өйткені, осы сияқты мердігерлер мемлекет бағдарламасына бағынар емес.
Айгүл ЕРМАХАН