Мәдениет үйі жоқ қалашық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет үйі жоқ қалашық

31.01.2014
Мәдениет үйі жоқ қалашық
Круглоозерное - Орал қаласына қарасты ірі кенттің бірі. Өткен жылы елді мекендегі мектеп жөнделіп, тозған көшелерді жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асты.
 
Алайда, ауыл халқын мазалап отырған мәселенің бірі - Мәдениет үйінің жоқтығы. Бұған қоса, кенттің дербес ғимараты жоқ кітапханасы да бірнеше жылдан бері көшіп-қонып жүр.
 
Бес мыңнан астам халқы бар ірі кент 22 жылдан бері мәдениет ошағынсыз өмір кешуде. Бір кездері келбеті келіскен клубтың қазір қирандысы қалған. Осылайша, мұнда бос уақытын өнегелі өткізіп, өрендерін өнерге баулимын деген жанға еш мүмкіндік жоқ.
 
Геннадий Урахчеев, кент тұрғыны:
Үйде отырамыз. Концертке бармағалы да біраз болды. Клубты бұзып алғанда мен 32-дегі жігіт едім, қазір 54-тегі шалмын. Бізді қойшы, жастарға обал. Кеш болса, көше кезіп сенделіп жүргені.
 
Ал ауыл кітапханасы болса, көп жылдан бері түрлі мекемені жағалап жүр. Қазір орта мектептің бір бұрышында орналасқан. Алайда, бұл жердің өзі де мың жарым оқырманы бар кітапхана үшін тарлық етеді.
 
Оралбек Серіков, мектеп оқушысы:
Мен кітапты өте жақсы көремін. Күнде кітапханаға барып тұрамын. Көп оқитыным - Абай Құнанбаевтың кітаптары. Кейде ертегілерді де оқимын. Жақсы-жақсы ертегілер бар, осы кітапханада.
 
Рауза Киікбаева, кітапхана меңгерушісі:
Өзіміздің оқырман залы болғанын қалаймыз. Өйткені, ауылымыз үлкен, келушілер көп. Жаңа кітап, газеттермен жүйелі қамтыламыз, бірақ құрал-жабдықтармен жарақтандыру ісі ақсап тұр.
 
Ауыл оқырманы еліміздің электрондық ресурстарындағы кітап қорына да қолы жетпейді. Өйткені, кітапхана ақпараттық-танымдық мүмкіндікті арттыратын ғаламтор желісіне қосылмаған.
 
Тұрғындарды мазалаған мәселе бойынша атқарушы билік өкілдеріне хабарласқан едік, онда тиісті шаралардың қолға алынып жатқандығын тілге тиек етті.
 
Сайран Дүйсентегі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
Қала әкімінің халықпен кездесуінде бұл мәселе көтерілді. Қала әкімінің, қалалық мәдениет бөлімінің қадағалауында. Бұл мәселемен қазір айналысып жатырмыз. Биылғы жылы жобалау сметалық құжаттамасын дайындау жөнінде тапсырма берді әкім. Егер де Мәдениет үйін салатын жағдай болған кезде кітапхана сонымен бірге салынатын болады.
 
Жоспардағы жобаның жүзеге асуы - уақыттың еншісінде. Өз кезегінде тұрғындар Мәдениет үйі ашылса, ауылдағы мәдени өмірдің де қыз-қыз қайнатынына сенімді.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу