Жалған судьяның жазасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған судьяның жазасы

25.01.2014
Жалған судьяның жазасы

Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында жалған судьяға қатысты үкім шықты. Өзін «Қалалық соттың қылмыстық істер бойынша судьясымын» деп таныстырған алаяқ бұрын да істі болған екен.

Айыпталушы Мұхтар Әлімовті Бостандық ауданының соты 2011 жылы 7 түрлі алаяқтығы үшін 5 жылға бас бостандығынан айырған, алайда, қалалық сот үкімді жеңілдетіп, Қылмыстық кодекстің 63-ші бабы бойынша шартты жаза тағайындайды.
 
Ол кезде Әлімов өзін «Қалалық Әділет департаментінің қызметкері» деген жалған қызметтік куәлігімен жеті отбасын алдап соққан. Сотта кепілде тұрған пәтерлер мен көліктерді арзан бағаға алып беремін, деп өзгелердің сеніміне кірген. Тіпті, жәбірленушілерді қонаққа шақырып, жақын араласқан.
 
Алмалы аудандық соты қылмыстың қайталануына байланысты, айыпталушыны Қылмыстық Кодекстің 177-ші бабы, 3-ші бөлімі бойынша 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырды және алаяққа тиесілі мүліктер тәркіленеді.
 
Қайыңжамал Бұқбанова, Алмалы аудандық сотының төрайымы:
Бірі айтады, мен оны қалалық сотқа бір ай бойы жұмысқа апарып тұрдым, - дейді. Таңертең алып барып, автотұраққа машинаны қойып, кешке алып кет, - дейді сонда алып кетемін дейді. Өкінішке қарай, адамдар алаяқтарға сеніп қалады, нарықтың құнынан арзандау пәтер беремін десе, соған сенеді де, ақшаларын береді.
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу