Ауыл әкімдерінің сайланғанына да жарты жылға жуықтады. Бүгінде олар «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген тапсырмалар негізінде өткен жылда атқарған жұмыстары төңірегінде ел алдында алғашқы есебін беруде.
Бас-аяғы 2000-ға жуық тұрғыны бар Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Самарқанд ауылдық округі бүгінде дамудың жаңаша жолына түскен. Жұмыссыздық атаулыны біржола жеңген. Ауылда жеке кәсіпкерлікті дамытуға басымдылық беріліп отыр. Соның негізінде халықтың әл-ауқаты да артқан.
Мәселен жылу қазандықтарын жасап шығаратын мына серіктестіктің өзінде 20-дан астам адам еңбек етеді. Бүгінде өнімдеріне облыс төңірегінде ғана емес, ел көлемінде сұраныс бар.
Владимир Вашкевич, серіктестік директоры:
Біз мұнда ауаға артық түтін шығармайтын, экологиялық тиімді қазандықтар шығарамыз. Жұмыс қазір жақсы жүруде. Болашақта шеңберін кеңейтіп, қосымша жұмыскерлер алмақпыз.
Ауылдық округ бойынша әлеуметтік мекемелердің де жұмысын жандандыру бір жолға қойылған. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Бұл ауылда ауызсу мен жарыққа қатысты проблема туындаған емес, енді сол жақсылық жалғасын тауып келеді. Биыл тіпті ауыл ішінің жолы да жөнделіпті. Қалаға қоғамдық көлік күніне 3 мезгіл қатынайды.
Айгүл Ибраева, ауыл тұрғыны:
Аяқжолдар төселуде, жолымызды жөндеп жатыр. Көшеге жарық шамдар қойылды. Спорт алаңдары жасалды. Енді әкім есебін тыңдадық, айтылған жұмыстардың бәрі істелді. Халық риза.
Ауылдықтарға есеп берген әкім ендігі кезекте әмбебап спорт ғимаратын салу, шағын кәсіпкерлікке ынта танытқандарға жағдай жасау, мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту сынды жұмыстарды қолға алу қажеттігін айтты. Тұрғындардың да бірқатар пікірі тыңдалды.
Мұхтар Ақсартов, ауылдық округ әкімі:
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгізгелі жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеді. Өз бюджетіміз бар. Жергілікті жарнама, айыппұлдар мен осындағы серіктестіктер мен шаруашылықтардың жыл сайынғы демеушілігінен-ақ біраз қаржы қолымызға тиеді. Мелекет тарапынан да қолдау зор.
Осылайша әкімі мен әрбір тұрғыны ұжымдаса жұмыс істеп жатқан Самарқанд ауылының қазір берекесі кірген. Айта кету керек бұл елді мекенде егін, көкөніс және мал шаруашылығы да жақсыдаму үстінде. Қалаға жақын, болашағы зор ауыл.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ