Мыңжылдықтың ең күрделі есебін қазақ ғалымы шешті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мыңжылдықтың ең күрделі есебін қазақ ғалымы шешті

10.01.2014
Мыңжылдықтың ең күрделі есебін қазақ ғалымы шешті

Бөркіңізді аспанға атып қуана беріңіз. Қазақтың баласы әлемді аузына қаратып, «қазақ ғылымы кейін қалған» деген жаңсақ пікірге нүкте қойды. Әлемде мыңжылдықтарда шешілуі мүмкін деген жеті есептің бірін - біздің ғалым шешті.

 
Ол - Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұқтарбай Өтелбаев. Новье-Стокс теңдеуін шығарумен шартараптың ұлы математиктері жүз жыл айналысқан екен. Ғалымның еңбегі мойындалса, Клэй математикалық институтының біл миллион доллар сыйақысына ие болады.
 
Мұқтарбай Өтелбайұлы Еуразия ұлттық университетіндегі Математика институтын басқарады. Ол осы салаға келген күннен бастап, мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмаларының бірін орындауды алдына мақсат етіп қояды.
 
Нәтижесінде әлемнің мың бес жүз математигі шеше алмаған Новье-Стокс теңдеуін бірінші болып шығарды. Еңбек  «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» деп аталады. Жүз бес беттен тұрады. Ғалым осы үшін 33 жыл уақытын сарп етті. Денсаулығынан айырылды, біраз салмақ тастады. Осындай қиындыққа төзуіне бір ғана себеп әсер еткен.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
Мұның себебі қазақ баласы үлкен, күрделі жаңалықтар ашпаса, әлем ғалымдары қазақтарды менсінбейді. Олар қазақтарды көшпелі, жабайы деп ойлайтын. Мұны әлемнің ең ұлы ғалымдары шеше алмай арманда кетті. Мұның қазақ баласына бұйырғаны қандай жақсы болды.
 
Математиктердің дүниежүзілік конгресі қабылдаған ұйғарым бойынша, 500 есеп шешімі қиын есептердің қатарына жатқызылған. Оның 15 күрделі, 7-уі аса күрделі деп танылған.
 
Осы жетеуге кейіннен мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмалары деген ат беріледі. Оның біреуін ресейлік Григорий Перельман шешсе, міне, екіншісі қазақ баласы Мұқтарбай Өтелбайұлының еншісінде. Енді, тек мойындалуы қалды.  
 
Мұқтарбай Өтелбаев, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
Екі қосу екі - төрт болады деген нәрсені мойындамайтын адам болмайды ғой. Мынау күн суық боп тұр. Әйтпесе, шетелге шыға бастайтын едім. Алдымен өзіме жақын Мәскеуді құртуым керек. Сосын барып, Америкаға. Олар мойындайды ғой. Мойындамай қайда кетеді. Қорықпаңдар одан.
 
Бұл жеңісімді егемен еліме арнаймын дейді, кейіпкеріміз. Сөйтсек, еліне ерекше сый әзірлеу - ағаның бала күнгі арманы екен. Арман таусылған ба? Мұқтарбай Өтелбайұлында қалған бесеудің біреуі біздің ұрпаққа бұйырса екен деген үміт басым.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу