Басыңа - баспана, қолыңа - кәсіп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Басыңа - баспана, қолыңа - кәсіп

10.01.2014
Басыңа - баспана, қолыңа - кәсіп

Басыңа - баспана, қолыңа - кәсіп. Тек еңбектен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының діттеген мақсаты осы. Әсіресе, болашағы бұлыңғыр ауылдардағы еңбекке қауқарлы адамдарды көшіріп, жұмыс тауып беру үшін мемлекет қолдауын аяған емес.

 
Ирина Суворова жаңа жылдың алдында ғана құлдырап кеткен ауылдан Вагулин елді мекеніне көшіп келді. Су жаңа үйге ие болды. Бүгінде екі баласы да мектепте. Жолдасы жұмыста, енді өзі де сәтін салса бүгін-ертең қызметке араласамын, деп отыр.
 
Ирина Суворова, ауыл тұрғыны:
Исаковка деген ауылда тұрғанбыз, бәрі көшіп кетіп жатыр. Мектеп те жабылды. Сосын осы ауылға көшуге ұсыныс түсті. Қазір үйіміз жылы, жарық. Ең бастысы балалар мектепке барып жүр.
 
Ал Любовь Шрейдер туған ауылына қаладан көшіп келді. Осыдан 4 жыл бұрын медициналық колледжді тәмамдаған ол жұмыс таба алмай үйде отырып қалған еді. Былтыр бағдарлама туралы естіген соң өтінішін беріпті. 
 
Любовь Шрейдер, мектеп медбикесі:
Қалада 4 жыл жалдамалы пәтерде тұрдық, жұмыс істеген жоқпын. Осы бағдарлама арқылы туған ауылыма жас маман болып келіп отырмын. Бәрі де жақсы қарсы алды. Өзіме жұмыс, баспана берді.
 
Вагулин ауылдық округінде 6 үй салынды. Әрқайсысының құны 9 миллион теңге. Бәріне де жас отбасылар қоныстанған.
 
Людмила Терехова, Вагулин ауылдық округінің әкімі:
Бұл жастарды ауылға тартудың тиімді жолы. Барлығы да жұмысқа орналасып, елде қызмет атқаратын болады.
 
Вагулин ауылының тұрғындары мемлекеттің қолдауын айқын сезініп отыр. Алдағы 2 жылда ауызсу әрбір үйге кіргізілмек.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу