Жылқы жылы ат спорты дами түспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылқы жылы ат спорты дами түспек

08.01.2014
Жылқы жылы ат спорты дами түспек

Ақтөбеде ат құлағында ойнауға әуес жастар көбейіп келеді. Өңірдегі шағын спорт мектебінде қазір 400 жасөспірім жылқыны ерттеп жүр. Мұнда қазақы тұқымды 20 сәйгүлік бар. Шабыстан өзге аударыспақ, көкпар, теңге ілу жарыстарына қатысады.

 
Ұлттық спорт түрлері сайыстарында ақтөбеліктер алдыңғы бестікте. Әлі де алар асу көп. Ол үшін жүйрік жылқы мен епті шабандоз қажет. Қазір балалар қысқы жабық алаңда жаттығады. Жуырда ашық алаң іске қосылып, ат спортын жандандыруға күш салынбақ.
 
Сәндібек қолы қалт етсе, Жұлдызға асығады. Жұлдыз - жасөспірімнің ат спорты мектебіндегі арғымағы. Лезде жылқыны ерттеп, үзеңгісін тартып үйренген Сәндібек бірнеше бәйгеге қатысты. Көлік мініп, аударыспақта мықтылығын көрсетті.
 
Сәндібек Серкебай, оқушы:
Ата-бабаларымыздың жолын жалғастырғым келеді. Арманым - атбегі болу. Ұлттық ойындар ұнайды.
 
Айнұр қаланың бір шетінен екінші шетіндегі ат спорты мектебіне қатынайды. Қалада туып-өскен қыз жылқы малына жақын. Бұрын «атқа шапсам» деген арманын жүзеге асырып жүр.
 
Айнұр Жұмабай, оқушы:
Мен енді үйреніп жүрмін. Атқа мінуді, шабуды, жаттығулар жасауды. Болашақта қыз қууға қатысқым келеді. Соны дамытып, жаттықтырушы боламын.
 
Ақтөбеде атпен шауып, ұлттық ойындарды үйреніп жүрген 400-ге жуық оқушы бар. Оның 30 пайызы қыздар. Жылқыны ерттемес бұрын әр бала алдымен текті жануардың күтіміне жауапты.
 
Мейрамбек Әлиев, жаттықтырушы:
Ішке келгенде балалар бар ынтасымен атты тазалайды. Шыққаннан кейін оны мініп, жай жүріспен жүргізеді. Мініп болғаннан кейін де, оны ішке кіргізіп, үстін сүртіп, тазалап, баптап, жем-суын беріп, қарап тұрады.
 
Бұл ат спорты мектебі тәрбиеленушілерінің ісі. Олар төрт түліктің төресі жылқы малына құмар. Баласының шабандоз болғанын қалайтын ақтөбеліктердің қатары артып келеді. Әсіресе, жылқы жылы бұл спорт түрімен шұғылдануға ниеттілер көбейген.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу