Бейнеу ауданында шекарашылар баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейнеу ауданында шекарашылар баспаналы болды

06.01.2014
Бейнеу ауданында шекарашылар баспаналы болды

Жаңа жыл жақсы жаңалықпен басталуда. Маңғыстау облысының шалғайда жатқан Бейнеу ауданында шекарашылар баспаналы болды. Құрылған қос әскери бөлімге жауынгерлік ту да салтанатты түрде тапсырылды.

 
Рауан Әміров - 15 жылдан бері шекара шебінде жүрген әскери қызметкер. Жылқы жылында алғашқылардың бірі болып қоныс тойын тойлады. Орталықтан шалғай жатқан Бейнеуде ел тыныштығын қорғайтын оған 48 пәтерлі 4 тұрғын үйдің бірінен жаңа әрі жайлы пәтер берілді. Сақшылар мұны Жаңа жылға жасалған баға жетпес сый, дейді.
 
Рауан Әміров, №2087 әскери бөлімінің аға сержанты:
Бейнеу шекарасында жұмыс істеп жүргеніме 1,5 жыл болды. Сол ауылда пәтер жалдап жүрдік. Екі баламмен жаңа үйге кіргенімізге қуаныштымыз. Басшыларға көп-көп рахмет.
 
«Батыс» өңірлік басқармасына қарасты Бейнеудегі №2087 және №2036 әскери бөлімдер жақында құрылды. Еліміздің бас шекарашысы бұл бөлімдерге жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті. Қос қуанышқа куә болған ол қазақ-өзбек шекарасының шебін сақшыларға кірпік қақпай қызмет еуді тапсырды.
 
Нұрлан Жоламанов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің басшысы:
Жауынгерлік тудың маңыздылығы жоғары. Жауапкершілігі үлкен. Әскери қызметкерлер осы тудың астында еліміздің тәуелсіздігін, аймақтың тұтастығын қорғайтын болады.
 
Биыл шекарашыларға тағы екі тұрғын үй берілетін болды. Осылайша Бейнеу шекара жасағы толықтай баспанамен қамтылады.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу