Қызылорда өңірінде балық кластері дамытылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда өңірінде балық кластері дамытылуда

06.01.2014
Қызылорда өңірінде балық кластері дамытылуда
 
Қызылорда өңірінде балық кластерін дамытуға айырықша көңіл бөлінуде. Аралдан жылына 5 мың тонна балық ауланып, одан жоғары сапалы өнім әзірленіп, экспортқа шығарылып жатыр.
 
Теңізге береке кіріп, су маржаны көбейген сайын, балықшылардың әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді. Салаға көрсетіліп жатқан ерекше қамқорлықтың нәтижесінде алдағы 5 жылда балық аулау көрсеткіші 10 мың тоннаға жетеді деген болжам бар.
 
Осы уақытқа дейін Аралдың балығы шикізат ретінде сыртқа тасымалданды. Биыл өңірде балық шаруашылығы консорциумы құрылған соң ғана отандық өнім ішкі нарыққа шығарылып, өз игілігімізге жарай бастады.
 
Қазір теңіз маңайында балық өңдеу цехтары көп. Бірнеше жыл екі қолға бір күрек таба алмай үйде отырып қалған Бөбек Ержанова осындай цехтардың бірінде еңбек етеді.
 
Бөбек Ержанова, цех жұмысшысы:
Осы жұмысқа әлеуметтік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша орналастым. 9 ай мерзіммен келіп, қазір осы жұмыста тұрақты істеп жатырмын, екі жылдан астам уақыт болды. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Өндірісте өз еңбегіміздің нәтижесін көріп жүрміз.
 
Қыстың көзі қырауда теңізден су маржандарын сүзу оңай шаруа емес. Қиын және қауіпті. Бірақ, жергілікті тұрғандар оған қарап жатқан жоқ, бала-шағаның қамы үшін, тынбай еңбектенуде.
 
Тәуекел Асанов, жұмысшы: 
Балық жан-жақтан келеді, Аралдан. Осыны өңдейміз, жуамыз, қаптаймыз бәрін. Балалардың нан табары осы. Айлығымыз жақсы, уақтылы беріп тұр.
 
Теңізден келген балықтар түріне қарай реттеледі, тазартылады, сосын тоңазытқышта қатырылады. Одан соң дайын өнім еліміздің барлық аймақтарымен қатар көршілес Ресейге жіберіледі. Ендігі міндет - өндіріске жаңа технология енгізу.   
 
Бақытжамал Жүгінісова,   балық өңдеу орталығының директоры:
Біздің келешек жоспарымыз - цехтарды әрі қарай жарақтандыру және филе цехын, сонымен қоса кептірілген балық цехын жарақтандыру. Егер осы цехтарды әрі қарай жарақтандырып және жұмыс көзін ашатын болсақ, жұмысшы саны да сонша көбейер еді.
 
Осылайша, жергілікті халық қолда барды өздері ұқсатуға тырысуда. Ең бастысы, енді балық сырт елге шикізат күйінде жөнелтілмейді.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу