Жұрт жаппай жұмыспен қамтылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұрт жаппай жұмыспен қамтылуда

01.01.2014
Жұрт жаппай жұмыспен қамтылуда
Қарағанды облысында соңғы 3 жыл ішінде жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық адам қосымша мамандық алып, еңбекке тартылған. Сонымен қатар, жеке кәсібін ашамын деген ауылдағы ағайынға 2 миллиард 400 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген. Осы аралықта 1 мың 137 отбасы қоныс тойын тойлапты.
 
Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған тапсырмалардың сәтті орындалып жатқанының айғағы.
 
Бұл ретте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының да жемісті болғандығын айта кеткен жөн. Игі бастаманың игілігін көргендердің бірі - қарағандылық Гүлжан Чукуева. Ол бар болғаны үш ай ішінде оқу курсын бітіріп, жұмысқа тұрды. Баспаналы болды.
 
Гүлжан Чукуева жалғызілікті ана, екі баланы бір өзі бағып-қағып отыр. Бұған дейін әр істің басын бір шалып, тұрақты жұмысы болмай келген. Оның үстіне пәтерден-пәтерге көшіп, берекелері қашыпты.
 
Бірде құрбысынан мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мүмкіндігі жайлы естіп, бағын сынамаққа бел буады. Сөйтіп, үш ай ішінде аспаздық кәсіпті игеріп, жергілікті асхананың біріне жұмысқа орналасқан.
 
Гүлжан Чукуева, қала тұрғыны:
Бұл өте жақсы бағдарлама. Қазір көп адамның мамандығы жоқ, екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал бағдарламаның көмегімен тегін білім аласың, әрі жұмысқа орналастырады.
 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері облыста 3 мыңға жуық адам қосымша мамандық алып, еңбекке тартылған. Бұған қоса ауылда тұратын 1280 адам арнайы курсты оқып, өз кәсібін ашқан. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша бір мыңнан астам отбасы баспаналы болды.
 
Нүркен Біләлов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қолға алынғаннан бері Қарағанды облысында 2900 адам қосымша мамандыққа оқып, оның 2800-і жұмысқа орналасты. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру үшін үш жылда 13 миллиард теңге жұмсалды.
 
Гүлжан небәрі үш ай ішінде қосымша мамандық алып, жұмысқа орналасып, енді жаңа баспанаға ие болып отыр. 7 жыл үй кезегінде тұрған ол үш бөлмелі пәтердің кілтін қолыма ұстатқанша сенбедім, - дейді. Жаңа баспанада жаңа өмір бастаған отбасы мүшелері мемлекеттің қолдауына дән риза.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу