Астана велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысып жатыр

05.07.2019

Ертең Бельгия астанасы Брюссельде «Тур де Франс» көпкүндік веложарысы басталады. Бұл жолғы сайыс 50 жыл бұрынғы Турдың 5 дүркін жеңімпазы бельгиялық Эдди Меркстің құрметіне арналған. Байрақты бәсекеге жаһаннан 20 команда, 176 велошабандоз қатысады. Олар Бельгия мен Франция қалаларын басып озып, 28-шілдеде Париждегі Елисей алаңында шараны қорытындылайды. Жарыста Қазақстанның намысын Якоб Фульсанг бастаған «Астана» командасы қорғайтын болады. Брюссельдің басты алаңында өткен командаларды таныстыру рәсіміне еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері де қатысып, жерлестеріне сәттілік тіледі. Алексей Луценко, Омар Фраиле, Магнус Корт сынды мықты велошабандоздары бар «Астана» командасынан шетелдік жанкүйерлер де жеңіс күтеді.

 

Александр Винокуров, «Астана» велокомандасының бас менеджері, олимпиада чемпионы:

 

«Тур де Франс» олимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионатынан кейінгі үшінші орында тұрған маңызды спорттық сайыс. 100 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турдың әр кезеңі өзінше қиын. Велошабандоздар 3 апта бойы жарысып, 3,5 мың шақырымды бағындыруы тиіс. Осындай сынаққа төтеп беруге біздің велошабандоздарымыз сақадай сай. Мақсатымыз —  басты шабандозымыз Якобты желден, басқа да кедергілерден қорғап, жеңіс тұғырына көтерілу. Жеңімпаз атанып, сары жейдені иемденуге бар күшімізді саламыз. 

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу