Жамбылдық жасөспірімдер жүген салынбаған асауды тақымдау үшін таласқа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық жасөспірімдер жүген салынбаған асауды тақымдау үшін таласқа түсті

11.03.2019

Тай үйрету жарысы өңірде жақсы дәстүрге айналып келеді. Топ жарғандар тарту-таралғысыз қалмайды. Ауыл тұрғындары «ұлттық спорттың бұл түрі балаларды зиянды әдеттерден аулақ болып, өжеттік пен қайсарлыққа баулиды»,-дейді.

Бұл - Балуан Шолақ ауылында жұма сайын өтетін жиын. Ауылдың атқа құмар азаматтары ұйымдастырған жарысты еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін қызықтайды. Бас жүлдеге тігілген тай кімге бұйыратыны бәріне қызық.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Бүгінгі ауылдың балалары арасындағы өткізілетін жарыс мына жабағы жүні түспеген тайды тізгіндеуден өтпек. Сондықтан сауырына қамшы тимеген мына жануарды кім бағындырады? Байқап көрейік.

Тай үйретуге тақымы мықты, атқа отыруға епті ондаған бала қатысты. Олардың ең кішкентайы - 5 жаста. Ойынның шарты бойынша асау тай сабасына түскенше сабалап отыру керек. Атбегілердің шешімімен асау тай ең жас үміткерге бұйырды.

Әлинұр Марат, жарысқа қатысушы:

- Тай үйреткен қызық және тайды бір рет үйреттім. Нұржау деген бала мініп жүрген тайды үйреттім. Ол асау болса да, мен қорықпаймын.

Ауыл тұрғындары балаларға пайдалы ермек болатын тай жарыстың өтіп жүргеніне дән риза. Бұған дейін телефонға телміріп, теледидар алдында отыратын олар тай жарыс десе делебесі қозып, далаға ұмтылатын болған.

Әлібек Смағұлов, ауыл тұрғыны:

- Бұрыннан ата-бабаның қанымен келе жатқан нәрсені балалар қайталап көрсетіп жатыр.

Жиылған көпшілік алғашқы малын тауып, олжалы болған шабандозға қол жайып бата береді. Дәстүр бойынша бас жүлде алған баланың ата-анасы көк серке сойып, көкпар береді. Осылайша жарыстың соңы думанға ұласады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу