Астанада теңге ілу мен асау үйретуден үздіктер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада теңге ілу мен асау үйретуден үздіктер анықталды

31.08.2015
 Астанада теңге ілу мен асау үйретуден үздіктер анықталды

Бәсекеге он мемлекеттен спортшы жиналды. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейді айтпағанда, Еуропаның орталығынан арнайы келіп, Венгрияның намысын қорғаған спортшылар да бар. Жарыс үш кезеңнен тұрды.  

Алғашқы кезеңде қатысушылардың барлығы да қызу бәсекеге түсті. Ең қысқа уақытта көп теңге ілген ойыншылар келесі айналымға  өтті. Доданың бірінші кезеңінде ел назарына Ғалымжан Изжанов ілікті. Жерде жатқан барлық теңгені 16 секундтың ішінде екпіндеп келіп, бірін қалдырмай ілді.

Негізгі жарыс жолы – 150 метр. Алғашқы 50 қадам аттың екпін алуы үшін  болса, одан кейін әр он метр сайын 5 жерден теңге қойылды. Ал қалғаны шабандоз атта тік отырып, шауып өтуі үшін. Ереже де тым қарапайым. Аттың екпінін баспай, жүйткіп келіп, теңгені іліп кету керек.  Осы талаптарды жылдам орындаған алты спортшы жарысқа қатысушы 11 мемлекеттің арасынан суырылып, екінші кезеңге өтті.

Ал, үшінші кезеңге талап бойынша 4 спортшы қатысуы керек. Кіл мықтылар да осы төрттіктен анықталады. Соңғы сынды бастаған еліміздің алты дүркін чемпионы Әлихан Башимбаев. Ол бес теңгенің үшеуін жерден көтерді.

Одан кейін ортаға шығып, өнер көрсеткен моңғол спортшысы Авдал Қуатқан. Жарыс көркін қыздырған тағы бір сайыскер түрік мемлекетінен келді. Аден Кизелкуз де үш теңгені шалт қимылмен іліп алды. Соңғы айналымның соңғы спортшысы Ғалымжан Изжанов болды.

Жарыс қорытындысы бойынша теңге ілуден Ғалымжан Изжанов Азия чемпионы атанып, 1 миллион теңгені қанжығасына  байлады. Тұғырдың  екінші орнында Әлихан Башимбаев болса, үшінші орынды моңғолиялық шабандоз Авдал Қуатқан иеленді.

Теңге ілу жарысынан соң, Асау  үйретуден ел чемпионаты басталды. Бұл жарыста еліміздің әр өңірінен келген 12 жігіт бақ сынады. Үйірде жүрген шу асауды жүген-құрықсыз жайдақ мініп, өз дегеніне көндіру нағыз ердің қолынан ғана келетіні белгілі. Тақымы тастай жігіттер асауды өзі таңдап, қоршауға шыға берісте құрық немесе шалма салады.

Содан соң барып, серіктерінің көмегімен жылқыға жақындап, жалдан тартып мініп кетеді. Мініске көнсе, ұпай саны еселене береді. Қамшы басса, әр қамшыға тағы да ұпай қосылады. Әр жігітке 15 минут уақыт берілді. 12 жігіттің арасынан үздік шыққан үштік: Жеңісбек Манахайұлы, Жеңісбек Серікұлы, Айбек Кеңшілік.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.
 

Хабарламаларға жазылу