Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Австрияда қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Австрияда қамауға алынды

28.02.2019

Жуырда ғана Австриядағы Әлем чепионатына аттанып ойда жоқта қамауға алынған шаңғышы Алексей Полтораниннің мәселесі әлі күнге шешілмей тұр. Зеефельд полициясы отандық спортшымызды не үшін ұстағандарын түсіндірмей жатыр.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Еліміздің мақтанышы Алексей Полтораниннің Австрияда ұсталғаны туралы мәліметті кешелі бері әлемнің танымал ақпарат құралдары түгел жариялап жатыр. Алайда, халықаралық ұйымдар тарапынан ешқандай ресми айып тағылған жоқ. Мәселенің нақты неден туындағаны туралы да ресми мәлімет айтылған емес. Халықаралық дереккөздер допинг дауын желеу етіп жатыр. Ұлттық Олимпиада комитеті, Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы Полтораниннің өзімен кешелі бері тікелей тілдеспеген.

Австриялық полицейлер Алексей Полторанинді жарысқа 1,5 сағат қалғанда ұстап әкеткен. Оның осы уақытқа дейін қайда және қандай жағдайда отырғанын ешкім білмейді. Қазақстанның Австриядағы өкілдері ахуалды білуге қанша тырысқанымен нәтиже шықпаған. Мұны бүгін Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев ресми түрде мәлімдеді. Айтуынша, Австрия заңы бойынша допинг ережесін бұзу қылмыстық іспен тең және ол үшін полицейлері еш себепсіз 48 сағатқа қамауға алуға құқылы. «Полтораниннің адал спортшы екеніне 100 пайыз сенімдімін»,- деген Серік Сәпиев өзінің ішкі болжамдарын да жасырмады.

Серік Сәпиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Мүмкін бұл жерде жасырын жатқан саяси астар болуы ықтимал. Алексейдің кеше жарыс жолына шыққанда алтын медаль алуға мүмкіндігі мол еді. Себебі ол 15 шақырымдық жарыстың фавориті еді. Оны осындай әдіспен жарыстан шеттеткілері келген шығар. Не үшін ұстап, қамап тастады? Оның нақты себебін әзірге айта алмаймыз. Ешқандай халықаралық ұйымнан жауап жоқ. Ол жақта Полтораниннің қорғаушысымен қоса, елшіліктің өкілдері де жұмыс істеп жатыр.

Алексей Полторанин талай жаһандық жарыстарда Қазақстанның намысын абыройлы қорғап жүрген шаңғышы. Мәселен, мынау «Тур де Ски» көпкүндігінде мәреге бірінші болып жеткен сәті. Алексей спорттық мансабында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Давостағы Әлем кубогын жеңіп алған сәті әлі күнге ел есінде. Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Олимпиада ойындарының үш дүркін қатысушысы. Осы жолғы Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындықпен барды және алдын ала жасалған допинг сынамалар оның таза екенін дәлелдеді.

Алексей Полторанин Австрияда шаңғы спортынан өтіп жатқан Әлем чемпионатында осы уақытқа дейін әртүрлі қашықтықта сәтті өнер көрсетіп келді. Күні кеше 15 шақырымдық қашықтықта классикалық жүгіруден жарыс жолына шығуы тиіс еді. Тіпті, сарапшылар оның дәл сол сайыста алтын аларына үміттенді. Алайда, кез келген спортшының тағдырын табан астында өзгертетін әлемдік спорттың үлкен саясаты пәрменді Полторанинді орта жолдан тоқтатқан сыңайлы. Әзірге әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу