Арыстанбек Мұхамедиұлы: Спортшылар Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға сақадай-сай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Спортшылар Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға сақадай-сай

30.01.2018

«Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарына спортшыларымыз сақадай-сай». Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсететіндеріне сенімді, көңіл-күйлері де тамаша. Ал, басты үміт Юлия Галышева, Алексей Полторанин, Дмитрий Рейхерд, Денис Тен сынды отандастарымызға артылып отыр.

Сондай-ақ, 2020 жылы Токиода өтетін жаздық Олимпиадаға қатысуға үміткер 24 қазақстандық арнайы стипендияға ие болды. Бұл тізімге кірген спортшыларымыз биылдан бастап ай сайын Халықаралық Олимпиада комитетінен қосымша қаржы алып тұрады. Екі жылдан кейін болатын дүбірлі додаға қазірдің өзінде дайындық қызу жүріп жатыр, - дейді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Тоғыз өңірде және Астана мен Алматы қалаларында олимпиадалық ойындарға қатысуға барлық үміткер спортшылар жергілікті атқарушы органдар есебінен оқу-жаттығу жиындары мен стипендиямен қосымша қамтамасыз етілген.  Біздің спортшылар әр жеңісі жоғары спорттық жеңіс қана емес, сонымен қатар, біздің еліміздің жоғары экономикалық, әлеуметтік және мәдени деңгейінің дәлелі екенін түсінеміз. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу