«Елу жылда ел жаңа». Биыл Алматы облысының Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне - 50 жыл. Талай спортшыға қанат бітірген жарты ғасырлық қара шаңырақ қазір қайта түлеп түрленіп, өзгерді. Бұл орыннан әлемге әйгілі спорт саңлақтары шықты. Сондықтан, бұл мектеп - үздіктердің ордасы.
КСРО жастар құрамасында доп тепкен Нұрлан Насыров, ұлттық құрамамыздың экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов пен шабуылшы Жамбыл Көкеев, балуандар Аслан Кахидзе, Мадияр Құрамысов, Берік Деңгелбаев сынды ел таныған спортшылар осы мектептің түлектері. Былтыр орталық жаңартылып, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Қазір мұнда жас өрендер спорттың 8 түрімен айналысып жатыр.
Бақберген Қайырлыбаев, Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
- Жас балғындарды, жас спортшыларды республикалық, халықаралық әлемдік деңгейге шығарсақ. Мектебімізде 56 жаттықтырушы жұмыс істейді. Арасында негізгі 30 спортшы осы «Жамбылдың» әр ауылында, әр мектебінде жұмыс істейді.
Спорттық шараның ашылу салтанатына ауданның беделі мен абыройын асқақтатқан спортшылар мен спорт ардагерлері қатысты. Жақсылық Үшкемпіров, Жандос Көкімов бастаған спорт ардагерлері жастарға өздерінің өнегелі өмірлері жайлы сыр шертіп, ақыл-кеңестерін берді. Ал, арқалы ақындар жырдан шашу шашты.
Жақсылық Үшкемпіров, Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:
- Осы спорт кешені Жамбыл ауданында бұрын болмаған екен. Сондықтан да, мен өте қуаныштымын. Қазір егемендіктің арқасында осындай қаншама спорт кешендері салынып жатыр. Мұның бәрі кім үшін? Мұның бәрі - ұрпақ үшін.
Мерейтойға орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Бозкілемде жас балуандар 7 салмақ дәржесі бойынша белдесті. Соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен медальдарді Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен спорт ардагерлері табыстады.
Алмат ӘБДРАМАН