И.Ильин Храпатый турнирінде күміс жүлдегер атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

И.Ильин Храпатый турнирінде күміс жүлдегер атанды

21.07.2014
И.Ильин Храпатый турнирінде күміс жүлдегер атанды

Илья Ильин Лондон Олимпиадасынан кейін алғашқы ресми жарысына қатысты. Алматы облысында Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнирде аса ауыр салмақта сынға түскен ауыр атлет қоссайыста 424 келіні еңсеріп, жарыстың күміс жүлдегер атанды.

Олимпиададан кейін Илья бiлiм алу мақсатында жарыстарға қатыспай, бiраз уақытқа демалыс алған болатын. Енді 105 келі салмаққа ауысқан Ильин  әлі де толық спорттық бабына толық ене қоймаса да, алғашқы көрсеткіші өзінің де, өзгелердің де көңілінен шыққан сияқты.

Илья Ильин, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы:

Спорттан екі жыл қол үзгенімді ескерсек, бұл жарыс мен үшін сәтті өтті деуге толық негіз бар. Дегенмен, Алматыдағы Әлем чемпионатына дейін біраз уақыт бар. Қателіктерден қорытынды шығаруға жеткілікті деп ойлаймын. Азия ойындарына қатыспаймын. Мен үшін бастысы - өз жерімізде өтетін Әлем чемпионатында топ жарып, алтын медель иелену. 

Осы турнирде жалпы саны 3 бірдей Қазақстан рекорды орнатылып, атлеттердің нәтижесі құрама бапкерлерінің көңілінен шықты. Ең ауыр салмақты бағындырған 22 жастағы Ибрагим Берсанов болды. Оның қоссайыстағы нәтижесі – 429 келі. Болашағынан зор үміт күттірер жас талант Зелімхан Абубакаровтың көрсеткіші - 420 келі.

Меңдіхан Тәпсір, ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы:

Жарыстың басты мақсаты – алда Инчхон қаласында өтетін Азия ойындары және Алматы қаласында өтетін Әлем чемпионатына іріктеу.

Қазақстандық ең үздік ауыр атлеттердің басын қосқан осы турнирден соң Азия ойындарына қатысатын спортшылардың есімдері белгілі болды. Олардың арасында Зүлфия Чиншанло да бар.

Өйткені, Зүлфияның спорттық ғұмырында Азияның алтыны әзірге жоқ екен. Бәрі сәтімен аяқталса, бапкерлер Алматыдағы Әлем біріншілігіне де қатыстыруды жөн көреді. Бейжіңде қоланы қанағат еткен Мария Грабовецкая да Азия додасында ел намысын қорғайды.

Ерлерден Өтешов, Истомин, Берсанов бастаған жігіттеріміз Инчхонға аттанады. Мая Манеза мен Светлана Подобедова қатыспады. Бірі жарақатына байланысты қатыспаса, енді бірі жарысқа дайын болмай шықты. 

Телжан КҮДЕРОВ

 

Хабарламаларға жазылу