XXII Қысқы Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XXII Қысқы Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті

24.02.2014
XXII Қысқы Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті
 
XXII Қысқы Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті. Төрт жылдың басты додасы несімен есте қалды, жетістігіміз қандай?
 
Бірінші кезекте Сочи Олимпиадасы Денис Тен жеңіп алған қола медальмен есте қалғаны анық. Төрт жыл бұрын Ванкувер Ойындарының турнир кестесінде ел құрамасы 25-ші көрсеткішке ие болса, қоржынында бір медаль бар Қазақстан бұл жолы 26-орыннан көрінді.
 
Бірақ, ілгерілеушілік еліміздің атынан сынға түсіп жатқан спортшылар санында бар. Ванкуверде Қазақстан командасы 37 адамнан тұрса, Сочи ойындарында ел намысын 52 толағайымыз қорғады.
 
Бұдан бөлек, көршілес елге олимпиадашылардың ата-аналары, бапкерлер мен жолдаманы жеңіп ала алмаған спортшылардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан тұратын барлығы 300-ге жуық адам арнайы келіп, ел сенімін арқалаған саңлақтарымызға жанкүйер болды.
 
Айткүл Сәрсембаева, жанкүйер:
Осы Олимпиадаға келіп, тамашалап жатқаныма қуаныштымын. Келесі Олимпиада Қазақстанда өтсе, деп тілейміз.
 
Олимпиада ойындары - әрбір мемлекеттің спорт саласында 4 жылда атқарған жұмысын қорытындылап беретін өзіндік емтихан. Өкінішке қарай, саңлақтарымыздың көпшілігі алға қойған мақсатты орындай алмады.
 
Тастанбек Есентаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігінің төрағасы:
Спортшыларға барлық жағдай жасалды. Жаттықтырушылар тарапынан қателіктер кеткен сияқты.
 
Индира Бектенова, тілші:
Сочиде өткен үлкен спорт мерекесі аяқталды. Жеңіс пен жеңіліс, тартыс пен таласқа толы болған ойындарда қазақстандықтарға бұйырғаны - бір қола. Осыған да қанағат. Енді спортшыларымыз келесі маусымға дайындалатын болады.
 
Индира БЕКТЕНОВА

Хабарламаларға жазылу