Шорт-тректен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттерінің Сочи Олимпиадасының эстафеталық жарысының финалында жүлдеге ілігуге үмітті екенін айтты.
«Құраманың қазіргі деңгей жақсы. Қазақстандық шорт-трекшілер жүлдеге таласа алады. Қарсыластарының әдіс-тәсілін білеміз. Үздік үштікке енеді деген үміт бар», - дейді ол.
Жасөспірім арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық шорт-трекшілер эстафеталық жарыста төртінші орын алды. Сол жарыста жүлделі орыннан көруге мүмкіндік болды. Бас бапкер бұл жолы қателік жібермейтінін айтады.
Финалда Голландия, Ресей және Қытай бірінші орын үшін таласады. Голландия – Әлем чемпионы, Ресей – жарыс қожайыны және Еуропа чемпионы. Қытай спортшыларының да қарқыны мықты. Ал АҚШ Әлем Кубогының соңғы екі кезеңінде жеңіске жетті.
«Негізгі тартысқа осы елдің спортшылары түседі. Шорт-трек финалында ешкім күтпеген нәтижелер тіркеледі. Жүгіру алаңының радиусы – 8 метр. Ал спортшылар сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүгіреді. Мұндай жылдамдықта тактикалық таласқа төтеп беру қиын. Егер сен құлап қалсаң, жеңілесің», - дейді Мәдіғали Қарсыбеков.
Естеріңізге сала кетйік, шорт-тректен ерлер құрамасы 5000 метрлік қашықтықтағы эстафеталық жарыстың жартылай финалын сәтті аяқтады. Финал бүгін түнде 00:18-де басталады. «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.