Орта салмақта WBA/IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес қазіргі кезде жоғары санатқа ауысуға еш себеп жоқ екенін айтады.
Оның сөзіне қарағанда, алдымен олар орта салмақ санатын басқа чемпиондардан тазартып алуға ниетті, яғни, орта салмақта барлық мүмкіндіктерін көрсетпекші.
Санчестің айтуынша, WBO чемпионы Питер Квиллин қашып жүр. «Егер де ол Головкинмен жекпе-жекке шыққысы келмейтіндігін мәлімдесе, онда біз оны ұмытамыз. Сонымен қатар, WBC чемпионы Серхио Мартинес бізбен кездесуден бас тартса, онда бізге IBF чемпионы Феликс Штурм ғана қалады», -дейді бапкер.
Оның пайымынша, осы санаттағы барлық нұсқалар еңсерілмегендіктен Геннадийдің жоғары қарай жылжуына бағыт беру орынсыз болады.
Головкин отызыншы айқасын 26 сәуірде Нью-Йоркте өткізбек. Қазақстан боксшысына қарсылас ретінде ирландиялық Энди Ли шығады деп күтілуде.