Ертең Олимпиада алауы тұтанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Олимпиада алауы тұтанады

06.02.2014
Ертең Олимпиада алауы тұтанады
Ақ Олимпиаданың   басталуына  бір күн қалды.   Ертең кешқұрым Ресейдің Сочи қаласында      XXII Қысқы   Ойындардың    алауы тұтанады.  Бұл салтанатты  шараны    Олимпиада    тарихындағы   ең  таңғажайып   қойылымға айналдыруға  Ресей   біраз қаражатын  салды.
 
Шараға   60 елдің мемлекет басшылары    қатысуы мүмкін.   Салтанаттың құрметті қонағы  - Қазақ Президенті    Нұрсұлтан Назарбаев.  Ертең  Сочиде  Мемлекет басшысы  сайыс    алдында  өзіміздің саңлақтармен кездесіп,  отандық құрамаға   қолдау көрсетеді.
    
Қарапайым  НD  форматынан  16 есе  қанық  түс. Олимпиада тарихында тұңғыш рет бейнекөріністер   супер   Hi-Vision форматында таратылуда.   Бізге таңсық өрмекші бейнекамералар   орнатылған, тікұшақтар бар,  тіпті  тауда тәулік бойы   дирижабль  тұр. 
 
Ақ Олимпиададан   әлемнің    11  мың   арнасы  хабар таратады.   Сочидегі  салтанатты  3  миллиард   телекөрермен  тамашалайды.  Қысқы ойындарға бұл жолы әдетте қар түсе қоймайтын  елдер де  қызығып отыр.   Араб телекомпаниясының   спорт тілшісі  тікелей эфирде терминдерді жаңылмай атауға жаттығып жүр.  
 
Слиман Арков, «АSBU» телекомпаниясының  комментаторы:
Футбол, волейбол, жеңіл атлетика -  мен қамшы  салдырмайтын тақырыптар бұл. Ал, қысқы ойындардың техникасын  жетік біле бермеймін. Сондықтан, қобалжып  та жүргенім рас. 
   
Қара теңіз жағалауындағы ауа райы   қысы-жазы жұмсақ шаһарға Олимпиада  алауы жетті бүгін. Барлық  мемлекеттердің  ұлттық құрамалары   өз отауларына жайғасып, жаттығуды бастап кетті. 
 
Ал бүгіннен бастап  ең  мәртебелі қонақтар келе  бастады. Негізгі  салтанатқа  60-қа жуық   елдің  президенті   қатысады  деген ақпарат бар.  Сондықтан, күзет те бекем. Кейбір нысандарға кіруге  әуелден  рұқсат жоқ.
 
Жайнагүл  Төлеміс, тілші:
 Сочиде  Олимпиадаға арнап  үш ауыл салынды.  Бірі қала  ішінде, қалған екеуі тау бөктерінде орналасқан. Етектегі  ең ірі  Олимпиада  ауылында  3 мың спортшы жайғасқан.  Тауға жеңіл қатынау үшін    Ресей    150 шақырым жол төсеп, ондаған  көпір салды. Ауылдардың арасында   күндіз-түні  аспалы жол қатынасы  үзілмейді.
   
Спортшы, бапкер,  жанкүйері     бар, жүздеген мың  адамға  шаһарда  25 мың   ерікті қызмет  етіп  жүр. Оларды қазылды-жасылды  қанық түсті  киімінен бірден тануға  болады.   Еріктілер де Олимпиада қонақтары  секілді  әлемнің  әр түкпірінен жиналған. 
 
Бахар Бердиева, волонтер: 
 Мен Түркіменстан азаматымын. Петербургтегі  жоғары оқу орнының бірінде білім алып жатырмын.   Студенттер еріктілер тобына жазылғанда  көштен қалмадым. Міндетім  -Олимпиаданың  ашылу, жабылуы  кезінде  спортшыларды алаңға алып шығу. Күн сайын  бұрын атын ғана еститін  даңқты  спортшылармен  жүзбе-жүз кездесіп жүрмін. 
 
Іріктеу қарсаңында қазақтың көк Туы   Сочиге жеткізілді.  Олимпиада  саябағында      салтанатты түрде   байрақ көкке көтерілді.  Сосын сайыстың  қожайыны Ресей жағы мен біздің  спортшылар   бір-біріне естелік   сыйлықтарын   табыс етіп, қазақ  құрамасы   құрмет тақтасында    қолтаңбасын   қалдырды.
 
Олимпиада кезінде   Қазақстанның 50-ге жуық  спортшысы  спорттың 10  түрінен бақ сынайды.    Ұлттық құрма   жетекшісі    «Ең кемі  екі жүлде қанжығамызда   болады», дейді. Бапкерлер де  жауапты сәт  алдында үздіктерді  жігерлендіріп қояды. 
 
Нұрберген  Жұмағазиевтың  бұл алғашқы    Олимпиадасы.  23 жастағы жігіт    шорт-тректен  500 метр қашықтықты    40 секунд 9 миллисекундта  бағындырады. Бұл  әлемдік  рекордтан  бірнеше минутқа төмен көрсеткіш.  Дегенмен, мұзда жылдамдық қана емес,  тактика да маңызды.
 
Нұрберген Жұмағазиев,  спортшы: 
 Олимпиада өткізуге іріктеу болғанда,  Қазақстан  өтеді деп ешкім ойлаған жоқ. Тек 7 команда өтті, 30 командадан. Оның өзі жеңіс. Енді соны ақтаймыз.
  
Қазақ құрамасы биыл  тұңғыш рет   шорт-тректен    алты  спортшыдан тұратын команда аттандырды.  Қыз -жігіттердің бәрі  - Мәдіғали Қарсыбековтың шәкірттері. 
 
Мәдіғали Қарсыбеков, бапкер:
Үміт бар медальға. Жігіттердің  он екі жылдық тәжірибесі бар. Дайындық жақсы.
      
Уруслан  Джараштиев -   сайыс кезінде  шаңғышыларға   төрелік ететін халықаралық  бапкер. Ол   «Спортшылар  арасында әдетте   ырым көп, бірақ,  жүйріктің жалғыз бойтұмары - бабы», дейді.
 
Уруслан Джараштиев,  Олимпиада төрешісі: 
Талай елден мақтаулы   төрешілер  келіп жатыр.  Бірақ,  Олимпиада комитетінің бәрімізден  талап ететіні  - объективтілік. Кім не десе де, жүйрік қана топ жарады.   
 
Қазақ спортшыларының  алды  бүгін   іріктеу сындарына  қатысты.  Ал,  ертең  Олимпиаданың  ашылу салтанатынан  бұрын  біздің құрама  Мемлекет басшысымен кездеседі. Президент  Сочиге келіп,   ел  үміт артқан ұландарға     сәт-сапар тілемек. Олимпиаданы ашылуы  кезінде де  спортшыларға     жанкүйер болады. 
 
Ендеше,  алты  құрлықтағы  айтулы  дода басталып кетті.  Жеңімпаз  елдің  ұландары  намысты қолдан бермес.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу