Ұлт ұясы Ұлытауда халықаралық ауыл жастарының форумы өтуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада жастарға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Форум барысында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Қарағанды облысы әкімінің гранттары табысталды.
Форумға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және еліміздің барлық өңірлерінен қонақтар келген. Оларды Ұлытау баурайында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтіп, жырдан шашу шашылды. Жалпы шараға 200 адам қатысты.
Владимир Богданов, форумға қатысушы:
Беларусь республикасында ауыл жастарына арнайы критерийлер бойынша талап қойылады, себебі ауыл жастары бөлек болатыны белгілі. Сол жердің географиялық ерекшелігіне, даму мүмкіндіктеріне қарай жастарға жағдай жасалады, ал қала, облыс орталықтарындағы жастар үшін талап басқа. Осы орайда Қазақстанда өтіп жатқан форумға тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келдік.
Форумда ауыл жастарының білім алуы, жұмысқа орналасуы, кәсіпкерлікке тарту сынды бірқатар мәселелер көтерілді. Қазір жас толқынның өз бастамасын жүзеге асыруына болады. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек сол көмекті алудың тиімді тетіктерін біле бермейді. Бағдарламалардан бейхабар. Сондықтан келешекте ақпараттандыру жұмыстарына басымдылық берілмек. Жалпы шараны ұйымдастырудағы мақсат зор.
Нұржан Жетпісбаев, Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
6 мемлекет жастары арасында арнайы қарар қабылданатын болады. Сонымен қатар жас кәсіпкерлер бойынша арнайы меморандум мен келісімдерге қол қою көзделіп отыр. Тәжірибе алмасу сөзсіз. Гранттарды беру, сосын біздің мемлекетіміздегі қолдау шараларын басқа мемлекеттер өкілдеріне түсіндіріп, осы салада тәжірибе алмасу көзделіп отыр.
Бұл күні ауылда өз ісін ашамын деген жастарға Қарағанды облысы әкімінің гранты табысталды. Бизнеске бетбұрған 10 адамға жалпы соммасы 10 миллион теңге үлестірілді.
Сая Олжатай, жас кәсіпкер:
1 миллион теңгені ауылда 50 адамдық асхананы салуға жұмсаймын. Өзімде наубайханам бар. Соның жанынан ашамын. 1 миллионға қондырғылар, құрал-жабдықтар аламын.
Шара аясында түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары, тимбилдинг ұйымдастырылды.
Ал ертең келген қонақтар жастар жылына орай Әулиетаудың басына шығады. 1130 метр биіктікті бағындырып, дәл мына мен ұстап тұрған туды достықтың нышаны ретінде шың басына тікпек.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ