Елордада бесінші халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауы басталды. Дәстүрлі «Астана пиано пэйшон» биыл бір аптаға созылады. Жас өнерпаздарға баға беретін қазылар алқасына Ресейдің халық әртісі, танымал пианист Денис Мацуев төрағалық етеді.
Осы халықаралық доданың өткізілуіне 2013 жылы мұрындық болған Мацуев, бас қалада баспасөз брифингін өткізді. Қазақ және әлемдік классикалық музыканы дәріптеуге бағытталған байқауға бұл жолы әлемнің 20 елінен 114 өтінім келіп түскен.
«Астана пиано пэйшон» үш кезең бойынша өтеді. Алғашқы іріктеу кезеңінен өткендер жартылай финалда жеке бағдарламасын ұсынса, ақтық кезеңде оркестр сүйемелдеуімен концертте орындайды. Айта кетейік, соңғы технологиялардың арқасында кейінгі жылдары бұл байқауды бір мезетте 700 мыңнан астам көрермен тамашалап жүр.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
Байқаудың жүлдегерлері музыка өнерінің ең бір биік шыңдарына жетеді. Өйткені, осы байқауға қатысу үшін үлкен бір сатыдан өтеді және осы конкурсқа қатысуының нәтижесінде де белді музыканттардың қатарына қосылады.
Денис Мацуев, РФ Халық әртісі:
Бұл керемет тұлға Иманғали Тасмағамбетовтың идеясы, ол кісі маған әлемнің түкпір-түкпірінен жас пианистердің басын қосатын фестиваль-байқау өткізуді ұсынған еді. Алғашқыда тайсалып қалдым, өйткені мен фестиваль көп ұйымдастырғаныммен, сайыс деген мен үшін таңсық еді. Алайда қазір оң нәтижесін көріп отырмыз, біз туралы бүкіл әлем біледі.