Ұмытылмас ерлерге тағзым. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ұсынылғанымен, түрлі себептерге байланысты тиісті марапатқа қол жеткізе алмаған батырлар аз емес. Олардың арасында Қазақстаннан шыққан отандастарымыз да бар. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы өткен жылы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында тың бастаманы қолға алған еді. Соның нәтижесінде «Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа кітап жарық көрді.
Бүгін аталған еңбек көпшілікке таныстырылды. Кітапқа қаһарман атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың көпшілігі жаяу әскерде қызмет еткен. Сондай-ақ, тізімде артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, десантшылар да бар. Туындының авторы - Берік Әбдіғалиұлы. Ол осыған дейін де осы салада біраз зерттеу жүргізген.
Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Осы кітаптың шығуына біз өз үлесімізді қостық. Әрине, бұл 133 фамилиямен шектелмейтін шығар. Осындай аталарымыз көп деп ойлаймын. Сондықтан да әрі қарай осындай ғылыми жұмыстарды, насихаттау жұмысын біз жалғастыра береміз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ