Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» кітабы ағылшын тіліне аударылды. Қазақ поэмасын тұңғыш рет Шекспир тілінде сөйлеткен Белинда Кук туындының тұсауын елордада ұлттық академиялық кітапханада кесті. Бұл салтанатты шара ұлы ақын, драматургтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Кешке шығарманы аударуға көмектескен Голландия, Ұлыбритания, АҚШ, Түркияның филологтары мен түркітанушылары қатысты. Туынды аударылмас бұрын қазақ, ағылшын тілдерін жетік меңгерген арнайы топ, поэтикалық үлгісі мен метафоралық дыбыс жүйелерін жасаған.
Ал кітаптың көркін Дәурен Қастеевтің суреттері ашып тұр. Бірнеше адамның қажырлы еңбегінің арқасында, шетелдік оқырман қазақ халқының көшпелі мәдениеті, салт-дәстүрі мен тұрмыс ерекшеліктерімен танысады.
Юлэй Шамилоглу, Назарбаев университеті қазақ және түркітану кафедрасының меңгерушісі:
Мұндай еңбек ағылшын аудиториясы үшін маңызды. Себебі, біріншіден, қазақ әдебиетін оқытамыз десек, оның өте аз үлгісі бар. Екіншіден, 20-30 жылдардың поэзиялары бойынша аударма өте аз. Тек қана менің білуімше, бір оқулықта кейбір үлгі бар. Осы аударма арқылы жақыннан таныс болдым, соны айту керек. Дүниенің сондай еңбекпен таныс болуы дұрыс.
Альбина ӘШІМ