Алматыда Наурыз мейрамына орай бүгін 60 тонна көже мен бауырсақ тегін таратылып жатыр. Сондай-ақ, қаладағы 40 мейрамхананың ұжымы өздерінің фирмалық тағамдарын ұсынатын көше бұрыштарын ашқан. Оған қоса, мегаполиске әлемнің 6 мемлекетінен 170 қолөнер шебері келген. Олар дәстүрлерін дәріптеп, Шығыс халқына ортақ мейрамды ерекше өткізуде. Ұлыс күніне арналған негізі шаралар «Астана алаңында» өтіп жатыр.
Амангелді Сейітхан, тілші:
Алатаудың етегіндегі алып қалада Ұлыстың ұлы күні биыл ауқымды өтіп жатыр. Салтанатты шара сағат 10-да ақ жаулықты апалардың «Ақ шашуымен» басталды. Дәл қазір мерекеге арнайы құрылған сахнада саңлақ жұлдыздар өнер көрсетуде. Олардың ішінде отандық әншілерден бөлек, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстаннан келген музыкалық ән-би топтары бар. Сондай-ақ, думанға домбырасын арқалап келген өнерпаздар өте көп.
Бақытжан Дилманов, шебер:
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Тек қана жақсылық болсын. Әнімізді қабыл алыңыздар.
Мегаполистегі Наурыз мерекесі бүгін 7 бірдей алаңда өтіп жатыр. Дәл қазір «Алматы арена», «Халық арена» спорт кешендерінің және «Атакент» көрме орталығының алдында той дастархандары жайылған. Алдағы үш күн демалыс бойы мерекелік шаралар толастамайды.
Аманкелді СЕЙТХАН