Қызылордалық Айнұр ұлттық қолөнерді дамытып, ел ішінде құнды өнерді насихаттап жүргендердің бірі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан шеберлік сырларын жіті меңгерген сайын оның ісмерлікке деген көзқарасы да одан әрі тереңдей түскен.
Түсіне білгенге құрақтың өз құны бар. Қиыннан қиыстырылған бейнелер терең мағына береді. Сондықтан құрақ көрпешені қазақ төрге төсейді. Құрақшының бойында бояудың сырын білетін, өнерді түйсіну, ұшқыр қиял болуы керек. Айнұр ол қасиеттерді анасынан сіңірді. Ал, анасына өнер өз анасынан дарыған. Ұлттық құндылық осылайша ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып келеді.
Қазір Айнұр анасы екеуі бос уақытының барлығын қолөнерге арнайды. Құрақ құрайды, көрпеше тігеді, түрлі киім-кешек тоқиды. Тоқыма жіп - табиғи, қорадағы қойдың жүнінен иірілген.
Меруерт Бөлегенова, Бозкөл ауылының тұрғыны:
- Мынау қызымның тоқығаны. Бәрін үйреткенмін, бәрін тоқиды.
Айнұр негізі мемлекеттік қызметші. Қазалы ауданы Бозкөл ауылдық әкімшілігінде еңбек етеді. Таңертеңнен кешке дейін кеңседе отырады. Бірақ қазір мемлекеттік қызметшілер артық жүктемеден құтылды, жұмыс уақыты аяқталысымен, үйге қайтады. Бұл - Айнұр үшін үлкен мүмкіндік. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтпек.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ