Солтүстік Қазақстанның қақталған еті, Тараздың сүр еті, Арқадан әкелінген жас ет, қазы мен қымыз, қаймақ пен ірімшік. Мәскеу қаласында осы және өзге де ұлттық тағамдарымыздың таныстырылымы өтті. Ресейдің ең атақты аспазы Владимир Мухиннің мейрамханасында ұйымдастырылған кеште мәскеуліктер қазақ дастарханынан дәм татты. Ол үшін ұлттық тағамдарымыз елімізден алдырылып, оны дайындайтын аспаздар да Астанадан арнайы шақыртумен барды.
Артем Канцев – 30 жылдық тәжірибесі бар білікті аспаз. Жерлесіміз қазақ тағамдарын заманауи үлгіде дайындап, жалпақ жұртқа насихаттаумен айналысып келеді. Бала күнінен қазақтың арасында қуырдақ пен бауырсақ жеп өскен Артем ұлттық тағамдарымызды қалай дайындауды жақсы біледі. Бүгін ол Мәскеуге ерекше мәзірмен келді.
Артем Канцев, Қазақстан бас аспаздар қауымдастығының вице-президенті:
- Біздің бүгін дайындаған етіміз ерекше. Себебі бір астауға бүкіл Қазақ даласының дәмін, дәстүрін жинадық деуге болады. Мәселен, әрбір адамға ет бергенде шығыстың жаймасын, оңтүстіктің кеспесін саламыз. Ал, еттің өзі бірнеше облыстан әкелінген. Солтүстік Қазақстаннан алдырған қақталған ет, Тараздың сүр еті, Арқаның жас еті дегендей.
Қазақтың дастарханын таныстыру ерекше форматта өтті. Аспаздар әрбір асты қолма-қол дайындап, сол мезетте, қонақтардың алдына тосты. Артем Канцев тағамдардың шығу тарихын, қазақтың салт-дәстүрін де жұртқа әңгімелеп берді. Ал, осы кештің өтуіне ұйытқы болған адам - Ресейдің ең атақты аспазы, әлемдік рейтингте 15-ші орында тұрған мейрамхананың иесі Владимир Мухин.
Владимир Мухин, Ресейлік бас аспаз:
- Маған қазақтың ұлттық дастарханы қатты ұнайды. Әсіресе, асылған етті жақсы көремін. Қазақстанға алғаш қыдырып барғанда, жылқының етін жейді екен деп таң қалғанмын. Сөйтсем, керемет дәмді екен. Сосын әріптесім Артеммен танысқан кезде оған қазақ тағамдарын мәскеуліктерге таныстырайық деген идея айттым.
Қазы-қарта, сүр ет қосылған мусс, қара уылдырық пен қаймақ, ыстық ірімшік, шұбат пен қымыз және әлбетте асылған ет. Осы астың бәрінен дәм татып шығып, ең соңында ет жеп, сорпа ішкен қонақтар қазақтың дастарханына тәнті болды.
15 миллион халқы бар алып Мәскеуде әзірге бірде-бір қазақ дәмханасы жоқ. Артем Канцевтің ендігі арманы - осы істі қолға алу.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ