Жүйріктігі желмен бірдей қазақы иттердің ұшқырлығы, ептілігі, қырағылығы сыналды. Орал өңірінде жеті қазынаны жанына серік еткендер бар болғанымен, мұндай сайыстар сирек ұйымдастырылады. Кейінгі жылдары ғана қанат жайып келеді.
30 ға жуық тазы алдымен қашықтыққа жүгірді. Асыл тұқымды иттердің жүйріктігі сыналды. Ит төресінің бабы бөлек, талғамы да басқа.
Нұрлан Мұхтаров, ауыл тұрғыны:
- Бала күнімізден әкем ат ұстайды, тазы ұстайды. Сол кісілерге қарап өстік. Тазы - өте таза жануар. Тамақты таңдап жейді.
Мұндай шара Теректі ауданында тұңғыш рет өтіп отыр. Батыста тазы жүгіртіп, аңға салу дәстүрі кенжелеп қалған. Осындай сайыстардың арқасында бекзада өнердің қадірі артып келеді.
Талғат Қожантаев, ауыл тұрғыны:
-Өзім қазақ болғасын, қазақы тазыны баптаймын, жүгіртемін. Басқа итті асырамаймын. Оралда 70 шақты адам ұстайды тазыны.
Екінші кезеңде құмай иелері атқа мініп, дала кезіп, тазымен аң аулады. Оларға бір сағат уақыт берілді. Ал, осы аралықта ауыл азаматтары құр тұрмай, жамбы атып, шаңғы тепті, атшанаға ат жегіп, ептілігін көрсетіп бақты.
Ерікқали Ахметов, ауыл тұрғыны:
- Ат жегудің де өзіндік мәдениеті бар. Атты орнына қою, ақүлікке түсірудің өзі ептілікті, шыдамдылықты қажет етеді.
Жарыс аяқтала бере, қанжығасы майланған аңшылар да төбе көрсетті.
Жарыста бірінші болып келген тазы – Ханжа. Жасы – 1 жас 2 айда. Иесінің айтуынша, ол сағатына 70-80 шақырымды бағындыра алады. Ал, қоянды 15 минутта қуып жетеді екен.
Алғаш өткен шараны ауыл жұрты тамашалады. Әсіресе, аязға беттері домбыққан бала-шаға қызыққа кенелді. «Ата дәстүрді дәріптеген мұндай сайыстар жеті қазынаның бірі – тазының санын көбейтіп, ұлттық сананы жаңғыртуға жол ашады», дейді ұйымдастырушылар.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.