Ақмола облысында республикалық құмай тазылар жарысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында республикалық құмай тазылар жарысы өтті

11.10.2021

Ақмола облысы Аршалы ауданында республикалық құмай тазылар жарысы өтті. Қашқан аң құтыла алмайтын иттер көлікке байланған қарсақ пен қоянды қуып, бір шақырым қашыққа жүгірді. Шырға тартудан сайысты «Асыл Қазына»  федерациясы алғаш рет ұйымдастырып отыр.

Құмай тазының бабы бұл жолы саятшылықта ғана сыналмады. Желмен жарысқан 36 тазы додаға түсу үшін әр өңірден іріктелген. Қарағандыдан келген Қайсар Амангелдіұлы жарысқа 8 тазы қосып отыр. Қазақы иттің тектілігі мен тазалығына сүйсінген ол тазыларды күшік кезінен күреске баулиды.

Қайсар Амангелдіұлы, жарысқа қатысушы:
Кербез биыл тұңғыш рет қатысып тұр. Қарағандыда 60 тазының ішінен бірінші келді. Енді осының бағы мен бабын сынаймыз. Бұны біз атқа мініп, аңға салып таңертеңнен кешке дейін артымызға ертіп жаттығулар жасаймыз.

«Асыл Қазына» федерациясы республикалық деңгейдегі сайысты алғаш рет ұйымдастырды. Ұйымның негізін қалағандардың бірі - Елдос Кәрімқожа. Айтуынша «Жеті қазынаға» жанашыр көбеймесе, ұлттық өнердің насихаты азайып барады.

Елдос Кәрімқожа, «Асыл қазына» федерациясының мүшесі:
Көбісі аңшылық ретінде ғана көріп жүрді. 3:31 Біз енді аңшылыққа қатысы жоқ адамдарды тазымызды көріп, насихаттау үшін де жарыс ұйымдастырып жатырмыз. 4:34 Қазір жастар өте көп келіп жатыр осындай жарыстарға.

Сонымен сайыста көкшетаулық «Басар» атты құмай бас жүлдені алды. Үш қар басқан жануар сағатына 60 шақырым жүгіреді. Тазының иесі Ерғазы Баймолла «Басардың» арқасында биыл үшінші жүлдесін қанжығаға байлады.

Ерғазы Баймолла, жарыс жеңімпазы:
Осындай додада, айхай шуда қысылмай еркін жүгіріп келуі, шынын айтқанда жан досындай жанында бірге сезініп оны, ашылуына мүмкіндік жасау керек. Қансонарларда да бұйырғанын алып жатыр.

Басардан кейін мәреге Алматы облысынан келген Сұлтан Исабековтың «Көкжалы» жетті. Ал үшінші орынды Еркебұлан Дәулеткелдінің «Айқара» атты тазысы алды.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу