Ақын Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді

27.12.2018

Шымкент қаласында ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітаптарға қазақ поэзиясына рухты өлеңдерімен айрықша леп алып келген ақынның түрлі жанрдағы туындылары енген. Тұсаукесер ақынның білім алып, түлеп шыққан білім ордасы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде ұйымдастырылды. Шығармалар жинағын Ханбибі Есенқарақызының лирикаға толы, нәзік те астарлы ойымен өрілген жырларымен қоса, прозалық еңбектері, эссе жанрындағы жазбалары толықтырған. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің қаламгерлік мұрасын жинақтау, оны көпке жария ету жолындағы еңбектері де бар. Оның қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болған «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналындағы араб қарпімен жарияланған материалдарды кириллицаға аударған дүниелері де көптомдыққа еніп отыр.

Мархабат Байғұт, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері:

- Ханбибі ешнәрсе қоспай, алмай, шынайы түрде реалистік көркем ойлар қоса отырып, өзінің ақындық, жазушылық, қаламгерлік тұжырымдарын оқырманға азық беретін, ой-сананы сергітетін, ойландыратын дүниелерді қосып, керемет аяқтап шыққан.

Ғани ҚАЛМАХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу