Басты Жаңалықтар Канада, Австралия, Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындады

Канада, Австралия, Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындады

Канада, Австралия, Ұлыбритания Палестина мемлекетін мойындады. Португалия үкіметі де осы тізімде. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының осы аптада ашылатын сессиясында Палестинаның елдігін танығандар қатарына Франция бастаған тағы бірнеше ел қосылмақ. Жалпы алғанда, бүгінге дейін жер шарының 150-ден астам мемлекеті Палестинаны мойындаған. Солардың ішінде Қазақстан да бар. Еліміз Палестинамен 1992 жылы сәуірдің 6-да дипломатиялық байланыс орнатты. «Хамас» қозғалысы жаңа мойындауларға қошемет білдіріп, әлемдік қауымдастықты енді Газадағы соғысты тоқтатып, Израильдің Батыс жағалауды аннексиялауына жол бермеуге шақырды. Палестина президенті Махмұд Аббас Палестинаның Израильмен қауіпсіздікте, бейбітшілікте және тату көршілікте өмір сүретін мемлекетке айналатынына үміт білдірді. Израиль болса, одақтастарының жексенбідегі әрекеттеріне наразылық білдірді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Мен 7 қазан қырғынынан кейін Палестина мемлекеттігін мойындаған елдерге ашық үндеу жолдағым келеді - сіздер терроризмге үлкен сыйлық жасап отырсыздар. Тағы ескерту айтқым келеді: Иордан өзенінің батысында Палестина деген ел ешқашан құрылмайды. Бұған өз басым ішкі және сыртқы қысымдарға қарамастан, жылдар бойы жол берген жоқпын.


 Израильмен бірге АҚШ-та Палестинаның елдігін мойындауға қарсы. Президент Дональд Трамптың ойынша, бұл қадам «Хамасты» ынталандырумен, көтермелеуге көбірек ұқсайды.

 

 

Бөлісу