Хорватияда Загреб бозкілеміне тартыс өтіп жатыр
Хорватияда өтіп жатқан күрес түрлерінен Әлем біріншілігінің үшінші жарыс күні аяқталды. Загреб бозкілеміне бұл жолы Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан шықты. Сонымен қоса бұрымды балуандар бәсекесінде қос отандасымыз өз өнерін ортаға салды. Кезекті жарыс күніне әріптесіміз Азат Қадырбек шолу жасап өтеді.
Осыдан екі жыл бұрын Белград бозкілемінде қарсылас шыдатпаған Ризабек Айтмұхан 3-бірдей жас санатында Әлем чемпионы. 97 келіде бақ сынайтын отандасымыз Загреб бозкілеміндегі біріншіліктің алғашқы айналымында бейтарап спортшы Магомед Курбановпен күш сынасты. Теңдей өткен белдесуде жерлесіміз қарсыласты алып та, шалып та көрді. Бұл жолы бағы жанбады. Чемпионатпен алғашқы айналымда қош айтысты. Ал 65-келідегі үмітіміз Начын Куулар алғашқы айналымда қытайлық бозкілем шеберін тізе бүктіріп, жарыстың 1/16 кезеңінде Венесуэла өкілін айқын басымдықпен жеңді. Келесі болып 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында екі дүркін Әлем чемпионы Ибрагим Ибрагимовпен шеберлік байқасқан отандасымыз жеңісті жолын жалғай алмады. Дүбірлі додаларда жанкүйерлердің қошеметі қашанда маңызды. Загреб Аренаға жиналған қауымның қатарында қазақстандық көрермен де бар.
Валерий Фельхер, жанкүйер:
Мен Қостанай облысының тумасымын. Германияда тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Еуропаның қай нүктесінде қазақ спортшылары өнер көрсетсе, міндетті түрде барып, жанкүйер боламын. Қоржында әзірге қос қоламыз бар. Бұл нәтижені әлі де жақсарта түсеміз деп сенемін.
Бұрымды балуандар бәсекесінде Виктория Хусаинова мен Зульфия Яхьярова өнер көрсеткен. Виктория екінші айналымда жеңіліс тапса, ардагер спортшымыз Яхьярова бірінші кезеңде сүрінді. Жұбаныш белдесулерінде сәтті өнер көрсетіп, италиялық қарсыласын жеңген жерлесіміз Камиль Куруглиев қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алған. Камиль үш дүркін Азия чемпионы ирандық Амирхосейн Фиразпурға азу көрсете алмады. Осылайша біріншілікті үздік бестікте аяқтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
