Жамбыл облысында туризмді түлетуге 20 млрд теңге инвестиция тартылды
Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысында туризмнің тамырына қайта қан жүгіре бастады. Жыл басынан бері өңір туризмін түлету үшін 12,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Президент Жолдауда сан салаға серпін беру үшін инвестиция тарту аса маңызды деп атап өтті. Ендеше аймақ туризімін алға ілгерілету мақсатында қандай нысандар салу қолға алынып жатыр?
Тараз қаласының шетіндегі мына ерекше этноорталық алыстан «мен мұндалайды». Өйткені бұл құрылысы қазақы, тұрпаты түркілік нақышта салынып жатыр. 12 гектар аумақта 30 киіз үйден тұратын шағын қалашық бой көтермек. Олардың жартысы заманауи үлгідегі қонақ үй болса, қалғаны мұражай, асхана ретінде қызмет көрсетпек.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Айнала ақшаңқан киіз үйлермен көркем көрінеді. Арасында мынадай «Хан Орда» деп аталатын 18 қанатты үлкен үй бар. Бұл ұлттық құндылықтарды жаңғыру мақсатында жасалған. Міне, айналдыра қазақ жауынгерінің қару-жарағы да қойылыпты. Әлі де тарихи жәдігерлермен толыға түспек.
Орта ғасырдағы қазақ ауылын көз алдыңа келтіретін кешенде қолөнершілер орталығы да ашылмақ. Ат мініп, садақ атып, балық аулауға да болады. Мұнда тек қазақтың ұлттық тағамдары беріледі. Далалық сахна мен мәжіліс залы да ұлттық стильде. Кәсіпкер Президенттің тарихи туризмді жаңғырту керек деген сөзі ұлттық нақышта жоба жасауыма қанат бітірді дейді.
Меруерт Лештаева, кәсіпкер:
Бұл орталықты не үшін соғып жатыр десеңіздер, осы қазақтың рухын көтеру үшін, мәдениетін, өнерін елге, туристерге көрсету, біріншіден. Шетелден келген туристерге көрсетіп, қазақты таныту үшін осындай орталық ашып отырмын.
Бүгінде аймақта 3 300-ге жуық тарихи туристік нысан бар. Жауаптылар алдағы 3 жылда демалыс орындарын көбейтуді көздеп отыр. Бұл бағытта 26 инвестормен келісімге келіп, 20 млрд теңгеге жобалар жасамақ.
Мөлдір Оразалиева, «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының директоры:
26 туристік инвестициялық жобалардың 9-ы осы жылдың соңына дейін соғылып бітеді. Ал 6 нысан қазіргі таңда бітіп ашылып отыр. Көбісі туристік демалыс орталықтары. Бірақ мұның ішінде жол бойындағы сервистік нысандар да кіріп отыр. Жылдың соңына дейін 4 100-ден аса турист қабылдау көзделіп отыр. Осы жобаның аясында.
Жобалар жүзеге асса, 350 жұмыс орны ашылмақ. Айта кетейік, аймаққа жыл сайын 200 мың турист келеді. Инвесторлар қолға алатын құрылыс жұмыстарынан кейін саяхатшылар саны едәуір өспек.
Данияр Әлімқұл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
