Қазақстаннан шетелге экспортталатын өңделген тауар көлемі 12%-ға өсіп, сауда айналымы 28,8 млрд долларға жетті. Әсіресе өсімдік майы мен ұнға сұраныс бірнеше есе артқан. Ал шикізат бойынша мұнай, уран мен күміс, мыс пен мырыш алдыңғы қатарда. Сондай-ақ соңғы уақытта трансформаторлар мен аккумуляторлар шетелдік тұтынушылар арасында кең сұранысқа ие.
Иә, Қазақстан жаһан жұртына техникалық тауарларын да экспорттайды. Мәселен, Алматыдағы Falcon EuroBus зауыты отандық өндірістің жарқын үлгісі. 2018 жылы ашылған кәсіпорын экологиялық таза, заманауи электробустар шығарып, еліміздің транспорттық саласын жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді. Жылына 3 мыңға жуық қоғамдық көлік шығаруға қауқарлы. Өз техникаларын Пәкістан, Үндістан, Сауд арабиясы, тіпті Германияға жөнелтіп жатыр.
Мұрат Әділханов, компания директорлар кеңесінің төрағасы:
Біздің автобусымыздың бір реттік батарея қуаты 380-нен 500 шақырымға дейін жетеді. Дизайн, сыртқы көрініс, оптика, фасад, кузов барлығын өзіміз жасаймыз. Бұл – толықтай отандық өнім. Жақын арада Түрікменстан, Әзербайжан және Ресей қалаларымен келісімшарт жасалмақ.
Отандық өндірушілерді әлемдік нарыққа шығару үшін QazTrade компаниясы арнайы «Экспорттық акселерация» бағдарламасын ойлап тапты. Бұл шетелге өнім шығарып көрмеген немесе енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін тиімді алаң. Жоба шеңберінде оқыту, серіктес табу, сертификаттау, логистика, және Amazon мен Alibaba сияқты алып платформалармен жұмыс істеу жолдары қарастырылған. Бүгінде «Made in Kazakhstan» белгісі сенімді сапаның символына айналып үлгерді,-дейді мамандар.
Дәуір Шығанбаев, ҚР Сауда және интеграция министірлігі QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бөлім басшысы:
Тұтынушылардың қазақстандық тауарларға, әсіресе тамақ өнеркәсібіне деген көзқарасы оң. Себебі отандық өнімдер экологиялық таза саналады. Елдің негізгі табысы – өз өнімімізді, тауарымызды және қызметімізді экспорттау. Сондықтан экспорт көлемін арттыру экономикамыз үшін аса маңызды.
Былтыр елден 4 мыңға жуық тауар түрі экспортталған. Әсіресе Италия, Қытай, Ресей және Франция елдерімен сауда айналымы жыл санап артып келеді. Қуантатыны Қазақстан тек шикізатпен ғана емес, дайын өңделген өнімді де сыртқа шығаратын мемлекет ретінде танылып келеді.
Ернұр Медет
