Жетісу облысында 8 мектеп жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 8 мектеп жөнделеді

02.09.2025

Жетісу облысында биыл 8 білім ошағы бастан-аяқ жөнделеді. Соның бірі І.Жансүгіров ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясы. Қаңтар айында басталған құрылыс жұмыстары тамызда аяқталып, бүгін балалар мектеп табалдырығын аттады.

Ақсу ауданындағы мыңнан аса бала енді жаңарған ғимаратта білім алады. Оқушылар үшін заманауи құрал-жабдықтар жеткізіліп, қосымша 3 модификациялық кабинет ашылған. Балалары үшін жайлы жағдай жасалғанына ата аналар да дән риза.

Бейбітгүл Оразханқызы, тұрғын:

Осы мектептің жаңадан ашылғанына қуанып жатырмын. Ішінде жаңа технологиялар бар дейді. Балаларым осындай мектепте оқитынына қуаныштымын. Ұстаздар мерекелеріңіз құтты болсын, дендеріңіз сау болсын.

Мектептің іргетасы 1967 жылы қаланған. 60 жылға жуық тарихы бар ғимаратты қайта жөндеуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Ал материалдық техникалық базасы 54 млн теңгеге жаңартылған.

Айдынбек Жексенбаев, Ақсу ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы:

Ақсу ауданындағы жалпы білім беретін 32 мектеп есігін айқара ашты. Бізде биылғы оқу жылына 2 мектебіміз, 2 балабақшамыз ағымды жөндеуден өтті. Мектебіміз жылы, жарық. Балаларға барлық жағдай жасалған.

Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясында 1114 бала білім алады, 100-ден астам педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 96 оқушы қабылданды.

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу