Алматы облысында 8 жаңа мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 8 жаңа мектеп ашылды

01.09.2021

Алматы облысында 8 жаңа мектеп ашылды. Олардың екеуі - жекеменшік. Облыс бойынша, жаңа оқу жылында 46 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Жалпы өңірде 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бүгін Ескелді ауданында Абай орта мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Абай ауылында ашылған білім ордасы - 180 орындық. Екі қабатты ғимарат 9 бөліктен тұрады. Оның құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 21 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Арнай Нұртай, оқушы:
Мен болашақта профессор боламын. Биыл мен де мектепке, біріншіге барамын. Мақтанбайын мектепке, дайын дәптер қаламым.

Білім шаңырағы барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. 75 адамға арналған асханасы, спорт залы мен спорт алаңы тағы бар. Ауылдағы ескі мектеп апатты деп танылғандықтан жаңасын салуға тура келді, дейді аудан басшылары. Ата-аналар да балаларының кең де сәулетті мектепте білім алатынына қуанып жатыр.

Нұржиян Жақсылықова, Абай ауылының тұрғыны:
Осы ғимаратқа көріп қуанышты болып тұрмын. Сондай тез салынып, балаларымызға қуаныш сыйлаған көпшілікке, барлығына рахмет айтамыз. Ата-аналардың атынан айтамыз.

Биыл Алматы облысының білім саласына 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталмақ. 19 білім ордасы бастан-аяқ жөнделіп жатыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу