Елімізде биыл 22 мың жас сарбаз сапқа қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде биыл 22 мың жас сарбаз сапқа қосылады

02.09.2025
Елімізде биыл 22 мың жас сарбаз сапқа қосылады

Биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 22 мың жас сарбаз сапқа қосылады. ҚР Қарулы Күштерінің өкілі хабарлағандай, 195 қала мен ауданда әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастады. Енді шақыру бірнеше жолмен жүзеге асады. Соның бірі – SMS-хабарлама. Ол азаматтың ұялы нөміріне немесе «электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинеті арқылы мәтіндік хабарлама түрінде жіберіледі. Хабарлама белгіленген күнге кемінде үш күн бұрын жіберіледі.

Фархат Айдарбаев, ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары:

Егер азаматтың ұялы нөмірі тіркелмесе немесе «Электрондық үкімет» порталында жеке кабинеті болмаса, шақыру қағазы қолма-қол жеткізіледі. Ол пошта арқылы жіберіледі немесе адамның тұрғылықты, уақытша тұратын не жұмыс істейтін жерінде тапсырылады. Шақыру қағазы жергілікті әскери басқару органының уәкілетті өкілдері, ұйымның басшысы немесе пошта курьері арқылы жеке беріледі.

Сондай-ақ мерзімді қызметте жүрген сарбаздар үшін білім беру мен несиелік демалыс алу бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалды. Осылайша 20 мыңнан астам әскери қызметшіге 8 млрд теңге сомасына кредиттік демалыстар берілген.

Темірлан Нұрсолтан

Хабарламаларға жазылу