Рахман қайнарына қатынайтын жол жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рахман қайнарына қатынайтын жол жөнделіп жатыр

01.09.2025

Шығыстағы Рахман қайнары демалыс аймағына баратын жолды жөндеу басталды. Тау арасындағы бұралаңы көп бұл бағытпен бұрын тек арнайы көлікке қана жүретін. Бірақ оған қарамастан тұмса табиғаты тұнып тұрған өлкені көріп, шипалы арасанға асығатындардың легі азайған емес. Сондықтан туристік өңірдің инфрақұрылымы реттеліп жатыр. 

Олжас Керейхан,тілші:

Тау етегінен Рахман қайнарындағы демалыс нысандарына дейін 13 шақырым болады. Ол теңіз деңгейінен шамамен 1-2 мың метр биіктікте жатыр. Осы аралақты жол талғамайтын көлікпен 3-4 сағатта әрең еңсересің. Бірақ оған қарамастан жаз бойы туристер толастамайды. Ал биыл маусым айынан бері мамандар мынадай арнайы техникамен тауды кесіп, тасты тесіп жол құрылысын бастады. Ол пайдалануға берілген соң туристер легі бұрынғыдан да көбейеді деген болжам бар.

Жаңа жол бұрынғы ескі сілемнің үстінен салынады. Жаз бойы мамандар құрылыстың негізгі тағанын төсеп, екі жиегін кеңейтті. Қазір көпір мен шұғыл бұрылыстар мен жанама арықтар жасалып жатыр.

Нұртас Байғожанов, мердігер компания өкілі:

Жұмыс қиын болғанымен, соған қарамастан атқарып жатырмыз. Биылғы меже – көпірлердің құрылысын толық аяқтау. Жолдың жалпы ені 9 метр, оның 7 метріне асфальт төселеді.

Жаңадан салынып жатқан 13 шақырым Өскемен-Алтай, Қотанқарағай-Рахман Қайнары деп аталатын республикалық жолдың аз бөлігі ғана. Аз болсада ерекше маңызға ие. Сондықтан шығыстағы ең білікті инженер-шеберлерімен бірге көрші Қытай елінен арнайы келген мамандар да жұмыс істеп жатыр.

Тан Ху Фа, Ауыр техника жүргізушісі:

Мен өз елімде осындай күрделі жол құрылыстары мен биік көпірлерде ауыр техниканы басқардым. Қазақстанда мұндай жауапты жұмысқа шақырылғаныма қуаныштымын. Ең бастысы – жолдың сапалы болуы.

Жолды салуға қажет құм-топырақ, тас осы жердің өзінен алынады.Бұл сапалы әрі уақыт үнемдеуге септігін тигізеді.

Толқын Қабимоллаұлы, Жол құрылысының инженері:

Қар суы да, жаңбыр суы да жиналмас үшін көптеген жерге шағын суағарлар орнатып жатырмыз. Кей жерлерде дөңді тегістеп, ой жерлерді толтырамыз. Содан кейін жолдың екі жағынан жыралар қазамыз.

Он үш шақырымдық жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 4 миллирад 21 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға 3 үлкен көпір, жиырмадан астам су өткізетін құбырлар да салынады. Биыл күн райы қолайлы болса жолдың негізгі қабаты жөнделіп, бір қабат асфальт төсеу де жоспарда бар. Ал 2026 жылы қараша айында толық пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу