Ресейде Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады

28.08.2025

Қазақстан мен Ресейдің арасында білім және ғылым саласында да ынтымақтастық терең. Бүгінгі күні 60 мыңнан астам отандасымыз іргелес елде жоғары білім алып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанның университеттерінде 1,5 мыңға жуық Ресей студенті оқиды. Екі ай бұрын көрші елде Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады.

Қазақстанда Ресейдің жоғары оқу орындарының 6 филиалы ашылған. Олар Астана, Алматы, Қостанай, Атырау және Байқоңыр қалаларында орналасқан. Мұнда 1500 студент білім алады.

Оксана Гололобова, Югор мемлекеттік университеті халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры:

Қазақстан біздің басты серіктестеріміздің бірі. Білім беру, ғылым саласында да ынтымақтастық кең. Еуразия ұлттық университетімен де ортақ жобаларымыз бар.

Омбы қаласында да Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылды. Бұл Ресейдегі жалғыз қазақ оқу орны. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлген.

Жанетта Нұрдинова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Омбы қаласындағы филиалының директоры:

Қазақ ұлттық университетінің филиалын Омбыда ашу идеясы біздің президенттеріміздің ең жоғары деңгейдегі кездесуінде айтылып, жүзеге асырылды. Біздің филиалға барлық азаматтар, ҚР азаматтары мен Ресей Федерациясының азаматтары және шетел азаматтары түсе алады. Ещқандай шектеу жоқ.

Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр мен магистрларды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Мамандардың айтуынша, қазақ оқу орнына ресейліктердің және Қытай, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттердің мектеп бітірушілерінің тарапынан қызығушылық жоғары.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу