Қазақстандық теннисші Александр Бублик үшін Үлкен Дулыға турнирі сәтті басталды. Отандасымыз АҚШ-та өтіп жатқан жарыстың алғашқы айналымында хорватиялық Марин Чиличке қарсы ойнады. Әлемдік рейтингте 58-орында тұрған қарсылас осыдан 11 жыл бұрын дәл осы АҚШ ашық чемпионатында жеңімпаз болған. Қарсыластар осы уақытқа дейін төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Бубликтің бәсі жоғары болған. Кешегі ойында 28 жастағы жерлесіміз жеңіске жету үшін 1 сағат 51 минут тер төкті. Бірінші сетте екі теннисші есеп 4:4 болғанша өз геймдерін бермеді. Содан кейін Бублик брейк жасап кетті. Брейк жасап қана қоймай, екі ойын қатарынан қарсыласты ұпайсыз қалдырды. Келесі кезеңде еліміздің бірінші ракеткасы қарқынына қарқын қоса түсті. Сет 6:1 есебімен аяқталды. Матч тағдыры шешілер сәтте Александр тағы да брей жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында отандасымыз 16 рет эйс жасап өзге түсті. Бубликтің екінші айналымдағы қарсыласы – австралиялық Тристан СкулКейт. Олар бұрын кортта кездесіп көрмеген.
Асылбек Данияр
