Қазақстандық композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының ауқымды премьерасы кеше Татарстан Республикасының Мұса Жәлил атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Қоюшы ұжым – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры. Мұндай мәдени шаралар жиынтығы Конституцияның 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Қойылымды Италияның ең беделді сахналарында жұмыс істеген белгілі режиссер Давиде Ливерморе сахналады. Операға 200-ден астам әртіс қатысты. «Хан Сұлтан» операсы – бұл жай ғана өнер емес. Бұл – тарихтың үні, бізге Алтын Орданың асыл мұрасын еске салатын рухани қазына, дейді ұйымдастырушылар. Премьераға арналған 990 билет бір апта ішінде түгелдей сатылып кеткен. Жанды орындау мен әсерлі сахналық көріністер тарихи дәуірді шынайы сезінуге мүмкіндік берді. Спектакль соңында көрермен ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап, өнер ұжымына қошемет көрсетті.
Раушан Сайлауқызы
