Түркістан маңынан археологтар 10 ғасыр бұрын салынған моншаның орны мен кәріз құбырын тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан маңынан археологтар 10 ғасыр бұрын салынған моншаның орны мен кәріз құбырын тапты

31.10.2018

Түркістан шаһары маңында қазба жұмысын жүргізіп жатқан археологтар осыдан 10 ғасыр бұрын салынған монша мен оның кәріз құбырын топырақтан аршып алды. Бұл жәдігерлердің сол кезеңге тиесілі екенін құбыр жанынан табылған монета айғақтап отыр. Тарихи орын бүгінде Шойтөбе деген атпен танымал. Ал, ол 8 және 10-ғасырларда Шауғар қалашығы деп аталып,Түркістан  аймағының орталығы болған жер.

Қайта қалпына келтірілген моншаның қабырғасы күйдірілген кірпіштен соғылған. Бірнеше бөлмеден тұрады. Көлемі аса үлкен емес. Яғни, көпшілікке арналмаған. Археологтар соған қарап оның сарай ғимараты ішінде орналасуы мүмкін деген болжам айтып отыр.     

Ерболат Смағұлов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Ең қызығы, монша ішіндегі су құюға арналған астаулар сол күйі сақталған. Олар ылғал өткізбейтін ғаныштан істелінген. Қазба жұмысы кезінде осындай 4 астауды аршып алдық. Олар бірінен екіншісіне су ағып түсетіндей, сатылап орналасқан. Кәріз жүйесі осылардың ең соңғысының түбіне жалғаныпты.

Моншаны қазу кезінде табылған шайынды су жүйесінің әзірге 20 метр жері аршылды. Екі тармақ болып жерге көмілген. Құбырдың өнбойына минералды тас секілді қақ тұрып қалған. Одан сынамалар алынып, химиялық сараптамаға жіберілді. Ол суды жұмсарту үшін немесе жуынуға пайдаланылған қоспалардың шөгіндісінен түзілген болуы мүмкін. 

Шайынды су үшін қолданылған құбырлардың диаметрі 20-25 сантиметр. Оның бірі басы жуан, екінші жағы жіңішке етіп жасалған. Осындай пішіннің көмегімен құбырларды бір-біріне кіріктіріп, жалғап отырған. 

Ғалымдар Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл қоныста жұрт 14-ші ғасырға дейін тіршілік еткенін айғақтап отыр. Кейіннен іргедегі Ясы гүлденіп, өркендеген шақта халық сонда қоныс аударады. Қазір ежелгі мекеннің 15 гектар жері мемлекеттік қорғауға алынған.

Бақытжан Нұрханов, Әзірет Сұлтан мәдени-тарих қорық мұражайының бөлім басшысы:

- Қазіргі тұрған жеріміз қаланың рабаты деп есептеледі. Яғни, шаруашылық бөлімі. Негізінен моншалар көбіне осы жерде салынады.

Ұзақ жылғы үзілістен соң Шауғардағы археологиялық жұмыстар биыл жанданды. Қалашықтың  тарихын зерделеу жұмысы алдағы үш жыл бойы жалғасады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу