Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халық арасында жүргізілген жаппай сауалнама нәтижесін жариялады. Сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 80%-ға жуығы Конституцияның мазмұнынан хабардар екенін айтқан. Жалпы сауалнамаға 8 мың адам қатысқан. Сауалнама қорытындысымен бөліскен институт өкілдері «КИСИ GPS: GYLYM. PIKIR. SAYASAT» ұлттық сараптамалық алаңының отырысын өткізді. Конституциясының 30 жылдығына арналған жиында Ата заңның елдің саяси жаңғыруындағы және демократиялық институттарды нығайтудағы маңызы талқыланды. Әсіресе, 2022 жылғы конституциялық реформаға ерекше назар аударылды. Оның нәтижесінде Конституцияның үштен бірі жаңартылып, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілді. Конституциялық Сот құрылды, сондай-ақ Президент өкілеттігі бір мерзіммен шектелді. Бұл өзгерістер саяси жүйенің дамуының маңызды белесі болды, - дейді басқосуға қатысушылар.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
Біз осындай сауалнама арқылы жалпы халықтың тарапынан әлі де осы үш жыл бойы жүзеге асқан Конституциялық реформаның негізгі нәтижесін әлі бақылап, қадағалап, соған мән беретіндігін көрдік. Бүгін жас сарапшыларды жинадық. Неге? Өйткені жалпы Конституцияның Ата заң ретінде халықтың ортасында, әсіресе жастардың ортасында қалай танымал ету керек, қалай оның баптарын дәріптеу керек деген сияқты нәрсенің барлығын талқылап шықтық.
Қуан Нұрақын
