Ақтөбе облысында кеншілер даярлайтын білім ордасында жаңадан үш мамандық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында кеншілер даярлайтын білім ордасында жаңадан үш мамандық ашылды

25.08.2025

«Қазақстан шахтерларының Гарварды» атанған білім ордасы. Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы Жоғары тау-кен колледжі еліміздегі ең сапалы кадрлар даярлайтын орталыққа айналып үлгерді. Түлектері жыл сайын жүз пайыз жұмыспен қамтылады. Жұмысшы мамандықтар жылына орай мұнда жаңадан үш кәсіп түрі бойынша студенттер қабылданбақ.

Білім ордасы 1979 жылы ашылған. Қазір мұнда Өндірістік автоматика, пайдалы қазбаларды барлаушы, электромеханика, гидравлика секілді 18 мамандық бойынша 1130 студент білім алады. Шәкірттерге білім беру үшін әлемдегі озық технология жетістіктерін қолданылады. Мәселен, Данияр Дулатұлы қазір бұзылған дрондарды қайта құрастырып жатыр.

Данияр Дулатұлы, студент:

Дронды сыртқы аулада, ашық жерде де, шахта астындағы қауіпсіз аймақтарда да ұшырамыз. Кіруге мүмкіндік жоқ жерлерге шағын дрондарды жіберіп, сол арқылы адамдарды табамыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл - бұрғылау техникасының симуляторы. Мұндай құрылғы Қазақстан бойынша басқа еш жерде жоқ. Студенттер осы арқылы жер астындағы ауыр техникаларды жүргізуді үйренеді.

Колледж жанында арнайы оқу полигоны бар. Бұл жерде шахтаның ішінде жүргендей боласың. Практикалық сабақтардың көбі осында өтеді. Химиялық талдау зертханасының да аймақта баламасы жоқ. Студенттер судың, топырақтың құрамын зерттейді.

Айнұр Өтеуова, химия және арнаулы пән оқытушысы:

Әртүрлі химиялық талдаулар жүргізіледі. Ең ерекшелігі – біз ауызсудан ауыр металдарды анықтай аламыз. Сонымен қатар сүт өнімдеріндегі белок, майлылығын, қанша қант түрі кездесетінін анықтай аламыз.

Колледж мемлекеттік тапсырыс аясында сұранысқа сай мамандар дайындайды. Мұнда өзге облыстардан және көрші елдерден де келіп оқитындар бар. Білім ордасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондықтан үлкен кәсіпорындардың қызметкерлеріне арналған шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады.

Бағдаш Молдашева, колледж директоры:

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз үш лицензия алдық: моршер ісі, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі, сондай-ақ мехатроника. Электрика мамандығы жеткіліксіз болғандықтан, қосымша мехатроника бағытын ашып отырмыз.

2009 жылдан бастап мұнда дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Колледж студенттері соңғы курста оқып жүргенде-ақ жұмысқа орналасып үлгереді. Өңірдегі кен орындарындағы жетекші мамандардың дені осы білім ордасынан білім алған.

Нұрболат Самұратов, колледж түлегі:

2006 жылы оқуымды бітіріп, шахтаға жұмысқа орналастым. Сол уақыттан қазірге дейін осы шахтада жұмыс істеп келемін. Жұмысымның арқасында, колледждегі білімімнің арқасында біраз мақсаттарға жеттім.

Білім ордасы республикалық, халықаралық білім байқауларында бірнеше мәрте топ жарған. Күзде түркітілді мемлекеттер арасында өтетін сайыста да еліміздің намысын дәл осы колледждің студенттері қорғайды.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу