Ақтөбе облысында мектеп құрылысы алты жылда әрең аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында мектеп құрылысы алты жылда әрең аяқталды

18.01.2024

Ақтөбе облысында құрылысы тұралап тұрған мектеп алты жылдан кейін әрең дегенде ашылды. Шалқар қаласындағы білім ордасы 2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда, екі рет мердігер ауысып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 900 миллион теңгеден 1 млрд 300 миллион теңгеге қымбаттаған. Салдарынан құрылыс созылып кеткен. Аумағы 5,3 мың шаршы метр болатын нысан 320 орынға шақталған. Жаңа мектептің ашылуымен аудандағы үш ауысыммен оқу мәселесі жойылды.

Артур Әуезов, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Кішкене жұмыстары бар.Оны айдың аяғына дейін аяқталады. Шалқар ауданында осындай Қарашоқат деген станцияда тағы бір мектеп бар, ол да ай соңында бітеді.

Нысан 1907 жылы салынған ескі мектептің жанында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын жеделдетуге Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментіні ықпал етті. Өткен жылы Агенттік Төрағасы мемлекет басшысына республика бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңге болатын осындай 156 нысан бар екенін баяндаған еді. Оның он жетісі Ақтөбе облысында. Қазірге дейін өңірде осындай төрт нысан пайдалануға берілді.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу