Бала қауіпсіздігіне кім жауапты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала қауіпсіздігіне кім жауапты?

22.08.2025

Ақтөбе облысында тоққа қосылып тұрған телефон қуаттағыштың сымын аузына салған бөбектің астыңғы еріні жұлынып кетті. Әлеуметтік желіде баланың жантүршіктірер суреті тарады. Дәл осы тектес ересектердің қарауынсыз қалған балалардың жазатайым оқиғалары азаймай тұр.

Ал жол апатынан жыл басынан бері 176 бала мерт болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл өткен жылдың осы кезеңінен шамамен 7 пайыздай көп. Бала қауіпсіздігі ең алдымен ата-ана жауапкершілігі екенін естен шығармаған абзал.

Ақтөбеден бөлек, Алматыда тоққа түскен бүлдіршін. Терезеден құлап мертіккендер мен жеделсатыдағы жазатайым жағдайлар. Суға батып кеткендерді және қосыңыз. Осы оқиғаның бәрі ата-аналарды алаңдатпай қоймайды.

«Ажал айтып келмейді». Оқыс та. Қас-қағым сәт. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы 5655-ке жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 56,5 пайыз артық. Ал апаттан опат болған бала саны – 176. Өсім – 7 пайыз. Жарақаттанғандар тіпті көп – 6900-дей бала. Көрсеткіш былтырғыдан 41 пайыз өскен.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

Жол-көлік оқиғаларының басты үш себебін біз атап өтеміз. Біріншіден, балалардың жол ережелерін сақтамауы. Екіншісі – жүргізушілердің жол ережесін бұзуы. Үшіншісі – жол инфрақұрылымының нашарлығы.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігі жыл басынан 179 бала терезеден құлағаны туралы ақпарат таратты. Оның ішінде 32 жасөспірім мерт болған. Мертіккені – 147. Ал өрт себебінен опат болғандар саны 13,6 пайыз азайыпты. Суға кеткендердің көрсеткіші де 10 пайыз төмендеген.

Азамат Жұмекешов, Астана қаласы ТЖД басқармасының аға офицері:

Мысалы, сіз өзіңіз айтасыз, бара бер артыңнан барамын деп. 10-15 секунд. Бала барды, түсті. Тереңдіктің қандай екенін білмеді. Сіз сол 10-15 секундта баланың қай жерге батқанын да білмейсіз.

Сондықтан баланың өмірі мен денсаулығы үшін алдымен ата-анасы жауапты. Осындай ой айтқан депутат Нұргүл Тау үйдің үлкендерін қауіпсіздік төңірегіндегі ақпаратқа қанықтыру қажет дейді.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ең бірінші балаға жауапты ата-ана. Бала дүниеге келгеннен 18-ге толғанға дейін толық жауапты ата-ана. Заңда жазылып тұр. Сондықтан орындауға көбірек жұмыс істеуіміз керек. Ата-аналарға түсіндіруіміз керек сияқты.

Ал Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет бар жауапкершілікті ата-аналарға ғана ысырып қоюға болмайтынын айтты. Мемлекеттік органдар мен жалпы қоғамның да міндеттемесі бар дейді.

Мақсұтбек Айтмағанбет, Әкелер одағының төрағасы:

Ата-ана дей отырса да, балалардың қауіпсіздігі есік алдында дейтін болсақ, мысалы, ол жерде мемлекеттің жағдай жасайтын сұрағы бар. Аулаларда балалар ойнайтын жер бар ма, жоқ па? Ондай жерге көліктер кіре ала ма, жоқ па? Қосымша қоғамның балалар алдында жауапкершілігі бар екенін түсінуіміз керек.

Сабыр ақынның «Әр қазақ менің жалғызым» атты концепцияға айналып кеткен бір ауыз сөзі осы мәселеде көрініс табуы керек дейді, Мақсұтбек Айтмағанбет. Себебі бала – біреудің меншігі емес, қоғамның бір бөлшегі.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу