Көршілес өзбек елі криптовалюта индустриясын дамытуды қолға алмақ. Ол үшін Қарақалпақстанда арнайы майнинг аймағын құру жоспарланып отыр. Бұған қатысты ел президентінің қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, қыркүйек айына дейін арнайы жоба әзірленуі тиіс. Осы жылдың қараша айында қаулы жобасы тиісті министрліктер мен ведомстволардың қарауынан өтіп, Үкіметке жіберіледі. Майнинг фермаларында жаңартылған энергия көздерін пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл криптоөндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту және энергия тиімділігін арттыру үшін қажет. Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Өзбекстан билігі майнингті пайдалануға рұқсат беру тәртібі туралы ережені бекіткен болатын. Елде криптовалютаны рұқсатсыз өндіруге тыйым салынған.
Базаркүл Отыншиева
