Алматыда студенттер үшін дағдарыс орталығы ашылды. Үзіліссіз, демалыссыз қызмет көрсететін орталықты баспана тапқанша тегін паналауға болады. Мұнда қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Сондай-ақ жатын орыннан бөлек, заманауи технологиямен жабдықталған оқу залы, ас бөлмесі, коворкинг бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл алып шаһарда он мыңға жуық студентке жатақханадан орын тапшы. Қазірдің өзінде Алматыда 200 мыңға жуық студент бар. Оның 124 мыңы өзге өңірден келген. Биыл тағы 33 мыңға жуық талапкер шаһардағы жоғары оқу орындарына грантқа түскен. Әлі ақылы бөлімге келетіндер қаншама. Министрлік шама келгенше, білім іздеп келген талапкерді далада қалдырмаймыз, дейді.
Ақерке Абылайхан, Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
ЖОО-ы жеке меншік хостелдер мен қонақ үйлермен келісімшарт жасасқанда бұл жерде тек қана студент жастардың тұруын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар өрт қауіпсіздік ережесі, тазалық сақтау, келісімшартта көрсетіледі. Алматы қаласында 15 жатақхана қазір қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз. Жыл аяғына дейін 25 жатақхана берілуі керек.
Айдана Қуантхан
